Бақыт іздеу жолында…

Мамыр 23, 2008

Адам есейе келе өмірдің мән-мағынасын іздей бастайтыны хақ. “Мен бұл өмірге не үшін келдім, не істеуім керек, қалай істесем дұрыс болады екен” – деп, ойлану мен батыл істерге бел буып жатамыз. Мақсат бір ғана – бақытты болудың амалын іздеу.
Көп жағдайда қандай істі бастамасақ та оның бізді игі істерге әкеліп, бақытты ететініне үміттенетініміз рас. Алла тағала адамға ойлау қабілетін бергеннен кейін, ол әр қадамын сараптап, ақылға салып, ақиқатқа, бейбіт өмірге жетуді аңсайды.

Қай бір күні жақын құрбым “Мен шіркеуге барып жүрмін. Білемін, саған, бәлкім, осы ісім ұнамар. Бірақ маған онда ұнайды”, – дегенде маған осы ойлар келді. Ол сол жерден жанына тыныштық тапты, бақыт сезіміне бір адым жақындады. Құдай біреу емес пе? Және де ол біздің бақытты болғанымызды қалайды. Діннің қай бағыты болмасын, адамның адал жолмен, адамгершілікпен, ризашылықпен, махаббатпен өмір сүруді, Құдайға құлшылық етуді дәріптейді емес пе? Ал егер ол түзу жолмен жүрсе, неге мен оны ұрсуым керек, неге мен оның бұл ісін құптамауым керек?..

Әрине, мешітке барып та Құдайға құлшылық етуге болады, мұсылман болғандықтан біздің санамыз ислам дінін ең хақ дін деп түсінеді. Ал басқа елде, басқа дінді қабылдап өскендер туғанынан осы исламға бет бұрмағандарына кінәлі ме? Олардың санасы өз діндерінің ең адал екендеріне күмәнсіз. Бірақ бұл да бір өз басына жеке әңгіме. Бәлкім, құрбыма шіркеуді дәріптеген адамның уағызы мықты болған шығар, адам тез сенгіш, еліктегіш келеді ғой. Бірақ бір білерім, мен құрбымның тек бақытты болуын қалаймын. “Қабыл болсын”, – осы менің жауабым болды.