Супер Мариодан супер ойындарға дейін

Мамыр 19, 2008

Осыдан бір 10 жыл бұрын немесе одан да көп пе, алғаш Sony PlayStation құрылғысын сатып алып, оны ескі теледидарға қосып (өйткені түрлі-түсті теледидарға қоссаң ол бұзылады деген ой қалыптасқан), джойстикті басқаннан саусақтар ауырып, көзіміз талғанға шейін Супер Марио ойынын жалықпастан ойнайтынбыз. Сол кездің өзінде сол Сони де, тіпті Супер Марио да бізге жаңалық, үлкен бір жетістік болып саналатын. Оның әрбір қимылы, тиындарды жинауы, төбелесуі – таңғаларлық жәйт болып көрінетін.
Содан бері қаншама ойындар шықты. Сол қарапайым Марио ешкімге де керек емес болып қалды. Оған қарағанда танымал футболшылардың түрінен айнымайтын, шетел клубтарымен компьютерде ойын ойнаған бұдан керемет емес пе?
Бұрындары бауырым компьютерде телміріп, ағылшын комментаторын айқайлатып компьютерде футбол қуушы еді. Қазір тіптен комментатор орысша да сөйлейтін болыпты.
Одан қалса стратегия, әлгі GTA деген тағы бар. Соңғысын қызығушылық танытып, өзім де ойнап көргенмін. Әлгі Мариода жеңген уақытында сүйікті қызымен қосылатыны бар еді, әлгі GTA-да ол тіптен толығымен жетілген. Кез келген ойында бәрі ойластырылған.
Ойынды қойшы, мультфильмдерін де алып қарсаң тегі бір тірі актерлар ойнап жүргендей қабылдайсың.

Қазіргі уақытта техника дамыған заман, бәрі бар сияқты көрінеді. Ал осыдан 10 жыл өткеннен кейін қалай болар екен десеңізші…