* * *

Сәуір 8, 2010

Сен менің жанарыма жас тұндырып,
Өзгеге көңіл кілтін аштың күліп.
Ошаққа отырғызып кетті мені
Әне бір ұзын бойлы ақ сұр жігіт.

Мен қалдым шыр айналып қу далада,
Жете алмай арман болған ну жағаға.
Сезгендей сүлдерімнен бір сұмдықты,
Көз алмай көп қарады туған ана.

Жаншылдым, жанартаудай биік едім,
Жоқ енді сүйенерім, сүйінерім.
Мен үшін қызығы да, қайғысы да –
бәрі бірдей секілді бұл дүниенің.

Авторы: Фариза Оңғарсынова


Телефон шыр етедi…

Қараша 21, 2009

Телефон шыр етедi:
Сонда менiң жүрегiм дiр етедi,
Көйлегiмнiң желбреп гүл етегi
жугiремiн. Не пайда сен емессiң.
Тек қимылдау көңiлдi жүдетедi.
Кешке дейiн неше рет дiрiлдетiп
мәнсiз, арсыз алаңмен күн өтедi.
Телефон, шыңғырсаң да,
көтермеймiн ендi мен – қылғын сарна!
Жүрегiме тыныштық бермей қойды-ау,
төбесiнен бiр қойып сындырсам ба!?
Әне тағы… сенi ме! Қоңыр дауыс!
Трубканы сүйiп мен тұрдым сонда.

Авторы: Фариза Оңғарсынова


Сен қайда жүрсің?

Тамыз 7, 2009

Сен қайда жүрсің?
Мені осынша сағындырып,
Жүрегімді лаулатып, жалын қылып.
Мен сені іздеп жүрмін
Шығар-ау деп жарқ етіп, түзден бір күн,
Мазасыздық жайлаған жанымды ұғып.
Жинап жүрмін жүрекке ашу, ыза.
Кеудемде қамалған үн,
шаттығым мен пәк күлкім, ән – арманым.
Басқаларға айта алмас сырымды мен
Ішімдегі бүгіп жүрем –
ақтаруға тек қана саған бәрін.
Жанымды жайып салам,
Көмілмей жасқа, мұңға,
Орап сені сағыныш – ақ сағымға.
Қымсынбаймын, бар әлем қарап қалса
Сені ұйықтатып алдымда таң атқанша
Отырамын көз ілмей бас жағыңда.
Арпалысқан сәтте сол
сағыныш, наз, қимастық, арман, үміт
Әттең атып қалады-ау таң да күліп…
Әлде әйнектен қызғанып Ай қарай ма,
Ол да сені нұрымен аймалай ма?

Авторы: Фариза Оңғарсынова