* * *

Сәуір 6, 2012

Маздатып та мұздатып та бұл жүректі,
Дүрмекпенен тағы да бір күн өтті.
Біреу күлкі сыйлады…
Ал біреуі
өзі жұқа жүйкені күлдіретті.

Бір күн өтті зымырап, тағы ысқырып,
Екеумізді мүлдемге алыс қылып.
Мені айырып, ал саған айнымастай
Жақсы-жақсы достарды табыстырып.

Бір күн өтті… күшіңді жанығайсың!
Ертең мені көрсең де танымайсың…
Емінжарқын, елпілдек мінезіңмен
Таныс еместерге де тағы ұнайсың.

Өткізіп ап барлығын елегіңнен,
Бәріне адал боласың – сенемін мен!
Сен сырласып жүрерсің соларменен,
Мен тек қана өзімнің өлеңіммен…

Авторы: Гүлнар Салықбай

Advertisements