Өксітіп… Өкіндіріп… Өкпелетіп…

Желтоқсан 26, 2009

Өзектен өрлігімді өктем етіп,
Көргенім осы еді ғой көкке бекіп.
Ең асыл адамымды Сүйемін мен,
Өксітіп. Өкіндіріп. Өкпелетіп.

Хат беріп жібермедің неге түннен,
Кешірсең
Кешіксем де, келетін бе ем?!
Сендік мұң- менің күнәм. Түн куәсі…
Жыр оқып берем енді не бетіммен?!

Қысты қойш…
Келеді ғой күліп көктем,
әр күні шуағымен үміт төккен.
Жүремін өзімді өзім іздеп күнде,
Күйбеңнің көшесіне сіңіп кеткен.

Таңыма тәубе етпесем, бағыма сын,
Өмірдің өлең дедім мағынасын.
Шөлдеген кездеріңді,
Тұңғиыққа
тұншығып бара жатып сағынасың.

Бүгінгі сезім жалын, кешегі де от,
Кей кезде кезбе алаудың кеселі көп.
Тиер ме ед таңдайыңа тылсымға еру,
Жазылсам маңдайыңа бес елі боп…..

Өзектен өрлігімді өктем етіп,
Көргенім осы еді ғой көкке бекіп.
Ең асыл адамымды Сүйемін мен,
Өксітіп.
Өкіндіріп.
Өкпелетіп…

Авторы: Рахат Әбдірахманов


-*-*-*-*-*-*-*-*-

Мамыр 27, 2008

Жаным, неден түңілдің, жанарыңда неге мұң?
Бақытсызбын дегеннің бірі мына мен едім.
Бекер бәрі, тәубә қыл саулығыңның барына,
Бұл пенденің ешқашан таусылмаған керегі.

Сен де өтесің өмірден , мен де бір күн кетермін…
Жанары жоқ жан айтсын шын бақыттың не екенін.
Түсінер ең сен сонда оның барлық арманы
Мына жарық әлемді бір көруде екенін.

Кейде өкпелеп беталды, өксіп қысып, тығылып,
өзімізге өзіміз жасаймыз ғой тығырық.
Аяғы жоқ адамның қасында не қайғымыз,
Бар арманы бір сәтке өту болған жүгіріп.

Қиындықсыз өмірде келер қызық, ән бар ма,
Бір арманың болмаса бұл өмірде мән бар ма?
…Қалай жаның ашымас анау жындыханада
армандауға шамасы келмейтұғын жандарға…

Бұл өмірдің таусылмас жауабы жоқ сұрағы,
Тәубәшілік дұрысы, шүкіршілік, шырағым!
…Таспадағы әуенге көңіл толмай біз жүрміз,
саңырау жан бір ақ үн естуді аңсап тұр, әне…

Амандықтан асатын бұл өмірде сән бар ма?
Теңсіз бақыт түсінсек бізге әрбір таңдар да.
…Бір минуты жетпей қап бір ауыз сөз айтуға
кетті емес пе жалғаннан талай жандар арманда.

Атақ, мансап, байлық, тақ, ақша, қызық – десіп тым,
Асып-тасып кеттік-ау көпірумен кешіп күн…
…Марқұм Анам «..бас аман болсын, бәрі болады..»-
дегенінің тереңін кеш ұқтым-ау… Кеш ұқтым!

Өлеңді жазған: РАХАТ ӘБДІРАХМАНОВ