Жауап

Желтоқсан 18, 2009

… «ала сала жауап жаз»,-деп өтіндің.
Хатыңды алдым,
жауап жазып отырмын.
……………………………..
(Адам деген қызық, ә?
Өліп талып әлдекімнің қызына
сыр айтасың,
жалынасың,
сүйесің,
жүрегіңе жағып алып
махаббаттың «азап» деген күйесін,
сол күйені содан кейін
кетіре алмай жүресің.)
… Өзің кетіп қалғасын,
тек бізге ортақ сол бір әннің жалғасын
сала да алмай жүрегім,
үмітімнің өрге сүйреп арбасын
шығара алмай жүр едім.
Бұл хатыңды алғасын,
бас көтерді БАҚЫТ деген жолдасым.
Бірақ, бірақ, мына мені, азап-қыз,
бақытты екен деп ойлауға асықпа.
Бақыт деген көзбен емес,
мен үшін
Дүрбіменен әзер көрер қашықта.
Иә, иә…
солай бұл.
Қуа-қуа бұлдыраған Бақытты,
өтіп кетті талай жыл.
Енді, міне, арамызға
айлар салып,
жыл салып,
тағы бір хат жүрегімді тұр шағып.
«Қалай»,- депсің,
денсаулық па керегі?
Сурамағың әлде ақынның өлеңі?
Бұл жағынан уайымдама,
әзірге,
екеуіде өмір сүріп келеді.
Бақыттан да жақын Үміт досым бар,
сол өлгенде екеуі де өледі.
«Қалай, депсің, ауа райы қаланың»
Оның, оның,
сұрайтұғын несі бар,
Ауа райы көңіл күйі баланың.
Одан-дағы сұрамайсың сен неге
жүрегімнің ауа райын, қарағым!
… Осы, осы, жуырда, бір түсімде,
Жүр екенмін Қызалқұмның ішінде.
Жан-жағымнан бәрі,
бәрі бұйра құм,
дызылдайды құм жалаған сирағым.
Тапа-тал түс,
күн аузынан от бүркіп,
үйіріліп бара жатты иманым.
Жалғыз тамшы су іздеумен бейшара
жалғыз тамшы үмітімді қинадым.
сонда,сонда,қайдан түстің.
Білмеймін.
Өзің келіп бір қасық су сыйладың.
Соншалықты болса-дағы түсім мұң,
сол қасық су осы хат деп түсіндім.
Тағы, тағы, біраз нәрсе айтыпсың,
тағы, тағы біраз нәрсе сұрапсың.
Адамзаттың барары да-бір-ақ жер,
адамзаттың шығары-да бір-ақ шың.
Желмен өшіп қалады деп жердегі із,
сол бір шыңға өрмелеген пендеміз.
Түсінемін.
Қозы менен Баяндай
Аңыз болып қала алмаймыз елге біз.
Бақытыңды ізде,
мейлің іздеме,
Сондай жүрек бар ғой, жаным, бізде де,
Саған деген менің шырша-жүрегім
Жап-жасыл боп тұра берер күзде де.
Дәл осылай тұрса айналып жер, тегі,
бүгінгі күн ертең үшін-ертегі.
уақыт-мыстан бір күн қағып тастайды
мендей сері,
және сендей еркені.
Онда, онда, кеш болады бәрі де,
табылмайды шығатұғын жол кері.
Хат соңында «сау бол» депсің болғаны.
Аман болу-
әр адамның арманы.
Естіп жүрміз,
айтып жүр ғой білгіштер,
аман болсаң болады деп қалғаны,
Мен де өзіңе тек осыны тілеймін.
бұдан басқа тілейтін түк қалмады…»

Авторы: Ибрагим Исаев