Қайдасың?

Қараша 17, 2009

Алладан тілеп бозала таңда-ай,
Асыға күткен мені апам.
Асырап-бағып балапан қаздай,
Алқатып күткен шері атам.
Қалжама, ұлдай, ақ қошқар сойса,
Еншіме атап көк атан,
АқшаХАН қызын Ақжүніс қойса,
Назира қойған ЕрмаХАН.
Ертегі тыңдап, ерке өскен болсам,
Ойлашы, кімнен қорқармын?
Түсімде келіп тұратын мың сан
Тарланға мінген Ер Тарғын.
Өрмекті жүрдім өлеңнен тоқып,
Қағазға қалды ол жазылмай…
Өзіңді бір күн келер деп тосып,
Қамбарды күткен Назымдай.
Асуды бермей жайбасарларға,
«Айқын» деп сендім, – «келерің».
…Ауызы жалын айдаһарларға
Құрбан ғып тосты мені елім…
Өрмек қып өрген тынысым – өлең,
Өзіңді күткен жол қалды…
Қырық құлаш алмас қылышыңменен
Құртқаны құтқар, Қобыланды!
У-сөзден егер уланар болсаң,
Жаныңды сүтпен сақтармын
Шын сөзім осы, иланар болсаң,
Сырымды саған ақтардым.
«Батырдың жары – осы» дегізіп,
Атырам алдан ақ таң, Күн!
Қысыр қулықты қырық күн емізіп,
Тайбурылыңды баптармын.
Еңіреп туған ер болсаң егер,
Еліңнің қамын жырларсың!
Бір хабар берші, бар болсаң егер,
Мұңайды гүлдей Гүлбаршын.
Заманда бейбіт, өмірде – думан,
Көрінер жырым жарты аңыз…
Жиделі-Байсын жерінде туған
Қай жерде жүрсің, Алпамыс?…
Мұратқа жетіп кейіпкерлері,
Ертегі бітер ақырын…
Ертегі ғана кейіпте ме едің,
Қайдасың, менің БАТЫРЫМ?

Авторы: Назира Бердалы


Advertisements

Сен бақытты боласың…

Қыркүйек 10, 2009

Жанымда нұр,  көңілің алабұртып,
Сен де білем шаттанып жүрген жоқсың.
Жанарыңда жасыңды әрең іркіп,
Сәл жымиып, суретте күлген бопсың.
Қайтсем сені бақытты етеді екем –
Аққа Алла жақ деген бекер ме екен.
Бар байлығы дүниенің менің үшін –
Сенің мұңсыз күлкіңе жетер ме екен?!
Қайтсем сені бақытты етеді екем?!
Сен нәзік ең, аққудай, шағаладай,
Адастың тек қона алмай жағаға жай.
Өңкей жамананталап жан-жағыңнан
Аяламай қор қалды-ау, бағаламай.
Сен бір ғажап, сұлусың сұрақ мүсін,
Сұлулығы жаныңның қуат күшің.
Сен бақытты боласың
қара да тұр.
Себебі сен арлысың, саналысың,
адалдардың ішінде адалысың.
және де тұрақтасың.
Сен бақытты боласың,
сәл күте тұр…

Авторы: Г. Рүстемова



Іш пыстырған өлеңдер…

Қыркүйек 4, 2009

Қазақ өлеңдерінде ең көп кездесетін сөзер хит-парады:

1. Жаным

2. Аяулым

3. Ғашығым

4. Кеш немесе кешір

5. Жүрегім

6. Алтыным

7. Қарағым

8. Сүйдім, сүйген едім, сүйемін, кейбір кезде ғашық болдым, ұнаттым

9. Айым («күнім» емес)

10. Сезім.

😦


Сен қайда жүрсің?

Тамыз 7, 2009

Сен қайда жүрсің?
Мені осынша сағындырып,
Жүрегімді лаулатып, жалын қылып.
Мен сені іздеп жүрмін
Шығар-ау деп жарқ етіп, түзден бір күн,
Мазасыздық жайлаған жанымды ұғып.
Жинап жүрмін жүрекке ашу, ыза.
Кеудемде қамалған үн,
шаттығым мен пәк күлкім, ән – арманым.
Басқаларға айта алмас сырымды мен
Ішімдегі бүгіп жүрем –
ақтаруға тек қана саған бәрін.
Жанымды жайып салам,
Көмілмей жасқа, мұңға,
Орап сені сағыныш – ақ сағымға.
Қымсынбаймын, бар әлем қарап қалса
Сені ұйықтатып алдымда таң атқанша
Отырамын көз ілмей бас жағыңда.
Арпалысқан сәтте сол
сағыныш, наз, қимастық, арман, үміт
Әттең атып қалады-ау таң да күліп…
Әлде әйнектен қызғанып Ай қарай ма,
Ол да сені нұрымен аймалай ма?

Авторы: Фариза Оңғарсынова


Жүгіретін біреу болса қол созып…

Шілде 1, 2009

24115394_1b878dbc33f321660a64a0a25d13e52a

Кей кездері ортайғаным түк етпес,
Жап-жас болып қартайғаным түк етпес.
Менің жайнап жүруіме ішінен,
Бұл әлемде біреу болса тілектес.

Кей біреудің елемеуі түк етпес,
Мейірімге бөлемеуі түк етпес.
Аман болсын екі жұлдыз көктегі
Менің қиын бақытыма шын тілектес.

Қызғанбаймын тұстастарым шықса озып,
Түк етпес-ау көтерсем де қанша жүк.
Абайсызда жұрт ішінде сүрінсем
Жүгіретін біреу болса қол созып.

Күләш Ахметова

 


Бір өкініш, бір үміт…

Мамыр 29, 2009

Көздеріңнің бірі – шаттық, бірі – мұң,
Ұқтым сенің жүрегіңнің дүрілін.
Кезектескен бір өкініш, бір үміт
Құлағымда жаңғырығы түр үнің.

Көңіліңнің терезесін қағайын,
Қағайын да, үміт шамын жағайын.
Екі жақсы қосылмайды дейсің сен,
Тағдыр қосса мен-ақ жаман болайын.

Екі жақсы қосылмайды дейсің сен,
Тағдыр қосса мен-ақ жаман болайын.

Жүрегімнен, көзімнен жас тамшылар
Тамшылаумен төзімім де таусылар.
Шын ғашықтар қосылмайды дейсің сен,
Шын сүюдің азабы да сол шығар.

Шын ғашықтар қосылмайды дейсің сен,
Шын сүюдің азабы да сол шығар.

Меруерт Түсіпбаеваның орындауындағы ән.


Сағыныш деген…

Сәуір 28, 2009

Ұйқымды ұрлап, ойларға бастап не түрлі
Арада жатыр арызы бітпес құба түн.
Сағыныш бірақ, сарқылмас сәуле секілді
Жарығыменен жырақты жалғап тұратын.

Ойымды матап, кеудеге байлап ұятты,
Сенімсіз, сәтсіз күтуден қандай таптым мән.
Сағыныш бірақ, сары жапырақ сияқты,
Жетпесең енді үзілемін деп шақ тұрған.

Оятып таңда, таласа тастап әр ізді,
Аңсаған көңіл өзіммен ғана көз ілмек.
Сағыныш сенің беймаза бейнең тәрізді
Тынышымды алшы, елесің емес, өзің кеп.

Телміріп сыртқа күткенмен сенің көзіңді,
Тереземнің де әйнегі тұрды әрленбей.
Өзіңсіз бір күн сағыныш болып созылды,
Мені де біреу сағынар ма екен дәл мендей?!.
……………………………………………………………….

Мені де біреу сағынса, шіркін, дәл мендей…

Авторы: Мұрат Есжан