Сағыныш деген…

Сәуір 28, 2009

Ұйқымды ұрлап, ойларға бастап не түрлі
Арада жатыр арызы бітпес құба түн.
Сағыныш бірақ, сарқылмас сәуле секілді
Жарығыменен жырақты жалғап тұратын.

Ойымды матап, кеудеге байлап ұятты,
Сенімсіз, сәтсіз күтуден қандай таптым мән.
Сағыныш бірақ, сары жапырақ сияқты,
Жетпесең енді үзілемін деп шақ тұрған.

Оятып таңда, таласа тастап әр ізді,
Аңсаған көңіл өзіммен ғана көз ілмек.
Сағыныш сенің беймаза бейнең тәрізді
Тынышымды алшы, елесің емес, өзің кеп.

Телміріп сыртқа күткенмен сенің көзіңді,
Тереземнің де әйнегі тұрды әрленбей.
Өзіңсіз бір күн сағыныш болып созылды,
Мені де біреу сағынар ма екен дәл мендей?!.
……………………………………………………………….

Мені де біреу сағынса, шіркін, дәл мендей…

Авторы: Мұрат Есжан

Advertisements

Сағыныш…

Қазан 31, 2008

Осы сөзді жиі естіп, жанымызды көп баурайтын сезімдердің бірі. Қайдан шығады, неден туындайды? Кейде осы адамның түңіліп, көп нәрсені ойлап, жабыға беретіні де осы сағынышынан ба деп қалам…
Балалық кезге сағыныш, жастық шаққа сағыныш, студенттік өмірге сағыныш, махаббатқа сағыныш, алыстағы туғандарға сағыныш, өмірден өткен адамдарға сағыныш. Қайсы болмасын адамның жадысында қапталған елестерден тұратын ойлар, бір күрсініс.
Көсіліп, сол сағынышты айтсаң да, басқа біреу жақсы түсінгенмен бірақ сенің сағынышың оныкіндей бола алмасы анық. Сондықтан да ең көп ашылмайтын сырлардың бірі осы сағыныш болар. Әркімдікі тек өзінде, ешкімге ұқсамайтын, ешкімге ашылмайтын…