Арифметикадан басталған өлең

Сәуір 20, 2010

Бірге бірді қосқанда не болады?
Онда өмірден бойдақтар жоғалады.
Алдында тұрған шақта асу белең
Қандай жақсы мақсатты қосу деген.

Өседі адам қияға қарап тұрып,
Қалықтайды қиялын қанат қылып.
Жалғыз өткен күндерден жалығады ол
Сенімінің жеңісін санап тұрып.

Алдында тұрған шақта асу белең,
Қандай жақсы мақсатты қосу деген.
Көрші, әні, айрылған сырласынан
Бір мұңлы күй төгілтіп тұлғасынан
Төсінде шөл даланың жалғыз ағаш
Тұрады қолын бұлғап қыр басынан.

Бұл өмір бір күн шаттық, бір күн егес,
Тірліктің барлық мәні күлкіде емес.
Болсын мейлі көл жалғыз, терек жалғыз
Менің жалғыз болуым мүмкін емес!

Бірге бірді қосқанда не болады?
Онда өмірден жалғыздық жоғалады
Жоғалсын, мәңгі көргің келмес оны
Білемін, аңсайсың-ау сен де соны

Ия, өмір бір күн шаттық, бір күн егес
Тірліктің барлық мәні күлкіде емес
«Екі» деген егіз сан аман болса
Менің жалғыз қалуым мүмкін емес!

Авторы: Мұхтар Шаханов

Advertisements

Студенттер күні

Қараша 20, 2007

Мен осы түсінбедім… Студенттер күні қай күн? 17? 18? 19 ма?

Өзіміз студент болғанда бұл күнді тіптен тойламаушы едік. Негізі
тойлауға бұл күннің де қажеті шамалы еді 🙂

Кеш болса да құттықтап қояйын. Студенттік өмір деген өмірдің керемет бір сәті ғой. Қайталанбас сәттері. Студенттің өмірі сессиядан – сессияға деуші еді. Бұл сөздің жаны бар шығар.

Студенттерге тілерім, қызық қуумен қатар ең бастысы сапалы білім алып шығуға тырысыңдар. Оқыған, білімін жетілдірген, епті адамдар ғана өз өмірін алаңсыз
құра алады екен.  Соған көзім жетті. Мұхтар Шахановтың мынадай студенттерге арнап шығарған өлеңі бар. Тура студенттердің өмірінің келбеті.

Студенттерге

Студенттер, аяулы ақ мамандар,
Жыл сайын жасарғандар, жаңарғандар.
Қыз қуып терезеге қарағандар
Білім қуып бөлмеге қамалғандар.
Студенттер, аптыққан пәк көңілдер,
Өкініштер, шаттықтар, тәтті өмірлер,
Ауылға жиі айтатын сәлемдері:
“Ақша сал”, “Жетпей жатыр”, “Ап жетіңдер!”
Студенттер, сарылып ой қуғандар
Қарынды қанағатқа тойдырғандар
Қара нанды достарымен қақ бөліп жеп,
Күн сайын, апта сайын той қылғандар.
Студенттер, болашақ жас мамандар,
Үй жоқ деп үйленуден қорықпағандар.
Бастарына тек кітап жастағандар,
Студенттер, ұстазға ұнағандар.
Сүрінгендер, кей жерде құлағандар
Қайтадан тапсырам деп жылағандар
Тәттіні, ащыны да татып тұрар
Студенттің жан сырына құлақ саңдар,
Сонда да жандарында жанып тұрар.
Студенттік шақ қайтып бізге оралмайды,
Студенттер,
Студенттер,
Бақыттылар!!!