Жалғызбын

Желтоқсан 26, 2009

Ерінімде дәмің қалды,
Көңілімде дағың қалды өшпейтін.
Өзегімде күмән қалды,
Өз-өзімде кінәм қалды кешпейтін.

Құшағымда елес қалды,
Құса мұңда белес қалды біз барған.
Күлкі, қызық ғайып болды,
Кілт үзіліп, майып болды ізгі арман.

Тұман қамап жарық таңды,
Қыран қанат шабыт қалды сілкінбей,
Қабағымда жасын қалды,
Жанарыңда жасым қалды сүртілмей,

Сабасында сәнді үміттің
Арасында сан жігіттің, сан қыздың
Сен есімнен жұтылғанша,
Елесіңнен құтылғанша
Жалғызбын.

Тілек қалды орындалмай,
Жүрек қалды тоқ ұрғандай сілейіп.
Жөн болды ма, соның айнам,
Сор болды ма, оны қайдан білейік?..

Авторы: Мұрат Есжан


Сағыныш деген…

Сәуір 28, 2009

Ұйқымды ұрлап, ойларға бастап не түрлі
Арада жатыр арызы бітпес құба түн.
Сағыныш бірақ, сарқылмас сәуле секілді
Жарығыменен жырақты жалғап тұратын.

Ойымды матап, кеудеге байлап ұятты,
Сенімсіз, сәтсіз күтуден қандай таптым мән.
Сағыныш бірақ, сары жапырақ сияқты,
Жетпесең енді үзілемін деп шақ тұрған.

Оятып таңда, таласа тастап әр ізді,
Аңсаған көңіл өзіммен ғана көз ілмек.
Сағыныш сенің беймаза бейнең тәрізді
Тынышымды алшы, елесің емес, өзің кеп.

Телміріп сыртқа күткенмен сенің көзіңді,
Тереземнің де әйнегі тұрды әрленбей.
Өзіңсіз бір күн сағыныш болып созылды,
Мені де біреу сағынар ма екен дәл мендей?!.
……………………………………………………………….

Мені де біреу сағынса, шіркін, дәл мендей…

Авторы: Мұрат Есжан