Көк көйлекті қыз

Желтоқсан 18, 2009

Көктем келіп көк гүлдерін санасаң, 
Көтерілсе көк таулармен таласа ән.
Көлбей ұшқан көк бұлттарға қарасаң,
Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы…

Кешір, барлық сырымды да жоқ ашқам,
Жол да бөлек болған екен о бастан.
Мөп-мөлдір боп көзді тартса көк аспан,
Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы…

Торын құрып ой деген бір өрмекші,
Көз алдыңда көкшіл теңіз дөңбекшіп.
Көктеміңді есіңе алсаң сен де өксіп,
Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы…

Тым ертерек ойлаппыз ғой ұятты,
Сол үшін де кейін жасым жиі ақты.
Жеткізбеген көкжиегің сияқты
Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы…

Авторы: Күләш Ахметова

Advertisements

Жүгіретін біреу болса қол созып…

Шілде 1, 2009

24115394_1b878dbc33f321660a64a0a25d13e52a

Кей кездері ортайғаным түк етпес,
Жап-жас болып қартайғаным түк етпес.
Менің жайнап жүруіме ішінен,
Бұл әлемде біреу болса тілектес.

Кей біреудің елемеуі түк етпес,
Мейірімге бөлемеуі түк етпес.
Аман болсын екі жұлдыз көктегі
Менің қиын бақытыма шын тілектес.

Қызғанбаймын тұстастарым шықса озып,
Түк етпес-ау көтерсем де қанша жүк.
Абайсызда жұрт ішінде сүрінсем
Жүгіретін біреу болса қол созып.

Күләш Ахметова