Алтыншы сөз: Тойсыз қазақ – қандай қазақ?

Шілде 31, 2009

Маған қазақты көп кемсітесің деп ұрысып жатыр. Шындығында, кемсітейін деп кемсіткенім емес, көрген-білгенімді жазғаным. Қазақтардың білімсіздігіне ішім ашиды. Көбі толыққанды өмір сүре алмайды ғой, көпке ұмтыламын деп, бір жағын жамай алмай жатады, барыма базар боламын деп, оны да, көп кезде қарық қыла алмайды.
Осының бәрі, кейде ойлаймын, білімсіздіктен шығар деп… Мақтайтын кездерде мақтаймын, ал егер кемшілігін көріп тұрсам, қалай бар, солай айтамын. Әрине, бұл бәрінде солай демеймін, бірақ көптеп кездеседі. Сосын бір байқағаным, білімді, айтары бар қазақтар көбіне орысша сөйлейді, жазады. Соған қарағанда, әлі ана тіліміздің беделін биік деңгейге көтере алмай келеміз…

Сонымен қатар, мен өз ұлтымды шексіз сүйемін. Ана тілімді сүйемін, қазақтардың өз ортасында білімді де, сыйлы болуын қалаймын. Блог бастауымның да, оны көрнекі ақпараттармен толтыруым да, осының айғағы. Кімде кім, блогыма тіреліп қалып жатса, біздің ешкімнен қалмай, қазақша жазуға біліміміз жеткілікті екенін көрсету мақсатында.

Балдырғанның эстафетасын алып, керек десеңіз мақтай да аламын. Мысалы, қазақтардың тойшылдығы… Шынымен, кейде той жасаймыз деп, асыра шашылып кететіндер де бар. Бірақ соған қарамастан, тойда шаттық-күлкі орнайды, барлығы күйбің тірліктегі проблемаларын ұмытып, барлығы тек ортадағы асабаның әніне тамсанып, той иелерінің қуанышы мен шаттығына ортақтасады, би билейді, ішеді-жейді, таныс-жақындарымен араласады. Қаншама жақсы сөздер айтылады. Ешкімде жоқ, «Той бастар» салты қандай керемет! Той осымен бітпесін, жалғаса берсін, бәріміздің үйімізде той болсын деген мақсатпен апа-әжейлер тойбастар айтады, жұғысты болсын деп, бәрі бір заттан алып қалуға тырысады. Қазақта «Шығын шықпай, кіріс кірмес» деген мақал бар ғой. Сондықтан тойға шығындалса да, оның жақсы ниетінің арқасында, тойдағы айтылатын небір жақсы сөздердің арқасында бәрі қайта қалпына келеді деп ойлаймын. Той көп болсын, ағайын!

Ал мақтай беріңіздер, Жетінші сөзді Сатыбалды мырзаға тапсырамын. Дәруішөлгендік тұрғын, қазақтар жайында не айтары бар екен…