* * *

Сәуір 6, 2012

Маздатып та мұздатып та бұл жүректі,
Дүрмекпенен тағы да бір күн өтті.
Біреу күлкі сыйлады…
Ал біреуі
өзі жұқа жүйкені күлдіретті.

Бір күн өтті зымырап, тағы ысқырып,
Екеумізді мүлдемге алыс қылып.
Мені айырып, ал саған айнымастай
Жақсы-жақсы достарды табыстырып.

Бір күн өтті… күшіңді жанығайсың!
Ертең мені көрсең де танымайсың…
Емінжарқын, елпілдек мінезіңмен
Таныс еместерге де тағы ұнайсың.

Өткізіп ап барлығын елегіңнен,
Бәріне адал боласың – сенемін мен!
Сен сырласып жүрерсің соларменен,
Мен тек қана өзімнің өлеңіммен…

Авторы: Гүлнар Салықбай

Advertisements

* * *

Сәуір 8, 2010

Айналамда аңыраған жел,
Мүсіркеген, есіркеген ел.
Маған дегің келмесе егер: «Өл!»
Кел.

Мені ұшырған бақыт, әлде сор.
Тоқтата алмай ешбір темір тор.
Құлау үшін кетіп барам –
Көр…

Сенен ешкім сұрай қоймас құн.
Тек бір рет жыла сонда шын.
Айналамда аңыраған жел.
Түн.

Авторы: Гүлнар Салықбай


Мен бақытты бола салам бір күні…

Қаңтар 4, 2010

Жүдетсе де дүниенің жыртығы,
Көңілді аулап Күннің қызыл кірпігі.
Айдың аппақ сәулесіне оранып,
Мен бақытты бола салам бір күні!

Көкке ұшырып сұлу сөздің төресін,
Көктем келер қуып қайғы елесін.
Сәл мұңайып келе жатып,
Бір күні
Мен бақытты бола салам –
Көресің!

Авторы: Гүлнар Салықбай