Өткен шақпын сізге мен

Мамыр 23, 2011

Өткен шақпын сізге мен.
Еске алуға, ескеруге тұрмайтын.
Бізді бөлген шақырымдар
Ауыр үкім оқығаны болды айқын.
Сырым едің –
Жан адамға ашпайтұғын құпиям,
Жырың едім –
Тәтті ұйқыңды ұрлайтын.

Енді бәрі елес боп,
Жағасында жалғыз қалдым Жайықтың,
Көп ішінде күрсінемін.
(Несіне…)
Ертіс, сенің ерке ұлыңа сенгенім…
Бар айыбым.
(Ол да мені ала ма екен есіне?)

Біз әдемі сезімдерді жоғалттық,
Көк қағазға айырбастап уақытты,
Сағынбайтын, сарылмайтын боп алдық,
Қолдан жасап бақытты.
Сұр қалаға қамалып,
Көкжиектер көрінбейтін көшемен,
Жан берісіп, жан алып,
Жүгірем деп,
Өлеңімді құрбан қылдым неше мен.

Енді бәрі ертегі.
Естелік қып бірге өткізген күздерден:
Сағынышым сіңіп қалған бойына,
Алтын түстес жапырақтар тізбегін,
Алқа қылсам мойыныңа деген ем.
Өкініш бар өміріме жетерлік,
… Өткен шақпын сізге мен…

Авторы: Бақытгүл Бабаш


* * *

Қараша 4, 2010

Күлкімді күз ұрлады.
(Қу тірлік).
Мұңлымын бүгін.
Біртүрлі.
Мен — мен емес секілдімін.
Жасыл бақта билеп ем,
Әуеніме елітіп,
Жапырақтар секірді.

Сен сыйлаған қызыл гүлді,
Алақанда аялағам.
Амал не?
Үш-ақ күн болды ғұмыры.
Қураған құр сүлдесін, сосын,
Лақтыра салғам.
Қайғырды құмыра құрғыры.

Құмыра құсап қан жұтып жүре берер ме ем,
Таусылып басқа айтар ән.
Егер… өзің келмегеніңде,
Гүл бермегеніңде қайтадан…

Авторы: Бақытгүл Бабаш


Сағынышым ғанасыз

Ақпан 26, 2010

Түн баласы кірпік ілмей қаңғырған,
Ойларымды қайтсем екен, аға, шын,
Жолыңызда болса дегем жан құрбан,
.. тастап қайда барасың?

Сізді – арбап арулардың жанары,
Мен – мейірім іздеп жерден жалықтым.
Сезіміңнің сыйқыры да шамалы,
..жаңа ұқтым-ау, жаңа ұқтым.

Еркелегім келген тегі. Ұқпадың.
(Бұл кереғар тіршілікке дауа жоқ.)
Асылым да жасық болып шыққанын,
Мойындаудан басқа енді амал жоқ.

Өңкей мұңды өлеңіме тоғытып,
Бәрі алдады. Арманым да. Қала. Күз.
Енді сізге бере алмаспын жыр оқып:
..сағынышым ғанасыз.

Авторы: Бақытгүл Бабаш