Бақыт деген…

Қараша 14, 2008

Бақыт деген – сенің бала күндерің,
Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің.
Бақытын да, басқасын да білмеуің,
Бақытсыз-ақ ойнағаның, күлгенің.

Бақыт жайлы менің мынау білгенім.
Бақыт деген – бірде шаттық, бірде мұң.
Бақыты сол – тәрік етіп түндерін,
Бақыт іздеп азаптанса, кімде-кім.

Бақыт деген – әркімдерде бір арман,
Сол арманның шыққан жері құмардан.
Ал сен үшін бақыт деген дәл қазір –
Бақыт жайлы жаза алмаған шығармаң.

Бақыт іздеп, мал бақ, мейлің тас қала,
Бірақ, балам, мынаны естен тастама:
Бақыттысың, бақыт іздеп сорласаң,
Бақытты боп сорлап жүрсең, масқара!

Бақытың – мен, бақытым деп біл мені,
Мені білсең, бақытыңды білгенің.
Ал мен үшін ең бақытты күндерім –
Балам, саған бақыт іздеп жүргенім.

Advertisements