Өксітіп… Өкіндіріп… Өкпелетіп…

Желтоқсан 26, 2009

Өзектен өрлігімді өктем етіп,
Көргенім осы еді ғой көкке бекіп.
Ең асыл адамымды Сүйемін мен,
Өксітіп. Өкіндіріп. Өкпелетіп.

Хат беріп жібермедің неге түннен,
Кешірсең
Кешіксем де, келетін бе ем?!
Сендік мұң- менің күнәм. Түн куәсі…
Жыр оқып берем енді не бетіммен?!

Қысты қойш…
Келеді ғой күліп көктем,
әр күні шуағымен үміт төккен.
Жүремін өзімді өзім іздеп күнде,
Күйбеңнің көшесіне сіңіп кеткен.

Таңыма тәубе етпесем, бағыма сын,
Өмірдің өлең дедім мағынасын.
Шөлдеген кездеріңді,
Тұңғиыққа
тұншығып бара жатып сағынасың.

Бүгінгі сезім жалын, кешегі де от,
Кей кезде кезбе алаудың кеселі көп.
Тиер ме ед таңдайыңа тылсымға еру,
Жазылсам маңдайыңа бес елі боп…..

Өзектен өрлігімді өктем етіп,
Көргенім осы еді ғой көкке бекіп.
Ең асыл адамымды Сүйемін мен,
Өксітіп.
Өкіндіріп.
Өкпелетіп…

Авторы: Рахат Әбдірахманов

Advertisements

Қазақтың қызы

Наурыз 5, 2009

Ғажаптың бәрі өзінде,
Көзінде сұлу әлемі.
…Әдебі әрбір сөзінде,
Жан емі- оның сәлемі.

Келбеті күнге келіскен,
Нәзіктен нәзік сыр ұққын.
…Бесіктегі әппақ періштең
Бастауы әдеміліктің!

Пәк болып туған о бастан,
мүсіні мыңды арбаған.
Көңілі оның Көк аспан,
Көркінің құны бар ғалам!

Қыздары олар даламның,
Таусылмас жылы бір лебі.
…Мәншүк пен Әлиялардың
Сүйкімді сіңілілері.

Даладай дархан пейілін
Ұлдары РУХ санаған,
Болмысы тұнған мейірім,
Ол менің әппақ жан анам.

Ғасырдан жеткен ғасырға 38733752_krystapbaseyellow062
Ұлтымның ұлы дастаны.
Ол сенің қарындасың да,
Ол менің қарындастарым.

Жоғалтып бастың салмағын,
Сандалған талай ғашық ұл.
Біреудің болса арманы,
Бір үйдің қазынасы бұл!

Шынайылыққа заты мол,
Пәктіктің өзі турасы.
…Жүрегі жалын ақын ол,
Немесе ақын музасы.

Кессе де ептеп бұрымды,
Бәрібір сұлу жаны, нұр.
Жүрегі оның бұрынғы,
Қазақтың қызы ол бәрібір!

Өзінде бәрі ғажаптың,
Көзінде көркем әлемі.
Ақиқат жалғыз:
Қазақтың
қызының бәрі әдемі!

РАХАТ ӘБДІРАХМАНОВ