Сабағы әлсіз сары гүл…

Ақпан 22, 2010

Сабағы әлсіз сары гүл
Жартаста жалғыз тұр өсіп.
Жауын ба, жел ме – бәрі бір,
Өзінше ол да күресіп,
Жартаста жалғыз тұр өсіп.

Дәнеңе де атпай желігіп,
Олжасыз қалған бір мерген
Отырған сәтте ерігіп,
Жартастан жалғыз гүл көрген.

Паналап төсін көненің,
Жыл сайын осы гүл өсер.
Көрсетпек болып өнерін,
Көздеді оны бір есер.

Бір есер отыр сүйініп,
Есерді қостап жаңағы.
Үкілі қыздай иіліп,
Қйылды гүлдің сабағы.

Тамыры терең көмілген,
Жартасқа жаңа гүл өсер.
Өткінші мынау өмірмен
Өзінше ол да күресер.

Авторы: Мұқағали Мақатаев


* * *

Ақпан 22, 2010

Жанымды тыншытпайды сезім деген
Қалай жүр, япырау, төзіп денем?
Қаншама күндер өтті дамылдамай
Қаншама түндер өтті көз ілмеген.

Білмеймін, не іздейді сезім менен?
Белгілі шегі де жоқ, жоқ тұрағы.
Белгісіз қайда апарып соқтырады
Не сезім мені бір күн от қылады
Не сезім мені бір күн жоқ қылады.

Адамның сезімінен сезіктенбе
Сезімді сезіне біл, төзіп, көн де.
Ақыл менен парасат бұғынады
Шынайы шын сезімге кезіккенде.

Авторы: Мұқағали Мақатаев


* * *

Қаңтар 30, 2010

Алдыңнан терезеңнің жүріп өттім,
Сен мені байқадың ба, құдіреттім?
Тұрдың ба терезеңнің ар жағында
Теңселіп, тұтқан пердең діріл етті.

Неге өртенді?
Жүрегім неге өртенді?
Нелер келіп, басыма нелер төнді?
Балконыңнан қол бұлғап қарсы алушы ең
Неге менен жасырдың көлеңкеңді?

Көзің қайда көшеден мені іздеген,
Сөзің қайда жанымыз егіз деген?
…Терезеңнің алдына келіп тұрмын,
Көгершіндей…
Қысты күн… Жем іздеген…

Авторы: Мұқағали Мақатаев


Ана! Сен бақыттысың!!!

Наурыз 6, 2009

Ана
Сен бақыттысың,
Жыламағың!
Жай түсіп жатқанда да құламадың
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның
Сондықтан жыламағың, жыламағың!

Бармын ғой
Тірімін ғой,
Қасындамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын.
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағың,
Байырғы берекеңді қашырмағың.

Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап
«Ана» деп жаздым ылғи сөз басына.

(Тәңірім кеше көрсін кесірімді)
Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!
Ана,
Сен бақыттысың, тербете бер
Құба талдан иілген бесігімді…

(М. Мақатаев)

x_1946860f1

Барлық қыз-келіншектерді, аналарды келе жатқан мерекелерімен құттықтаймын! Әрдайым осы көктемдей жайнап, құлпырып жүре беріңіздер!
Бүгін ең бастысы 8 наурыз – аналардың мерекесі. Аналарымыз бақытты болып, тек қуаныштан ғана жылайтын болсын.
Аман болыңыздар!


Бақыт деген…

Қараша 14, 2008

Бақыт деген – сенің бала күндерің,
Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің.
Бақытын да, басқасын да білмеуің,
Бақытсыз-ақ ойнағаның, күлгенің.

Бақыт жайлы менің мынау білгенім.
Бақыт деген – бірде шаттық, бірде мұң.
Бақыты сол – тәрік етіп түндерін,
Бақыт іздеп азаптанса, кімде-кім.

Бақыт деген – әркімдерде бір арман,
Сол арманның шыққан жері құмардан.
Ал сен үшін бақыт деген дәл қазір –
Бақыт жайлы жаза алмаған шығармаң.

Бақыт іздеп, мал бақ, мейлің тас қала,
Бірақ, балам, мынаны естен тастама:
Бақыттысың, бақыт іздеп сорласаң,
Бақытты боп сорлап жүрсең, масқара!

Бақытың – мен, бақытым деп біл мені,
Мені білсең, бақытыңды білгенің.
Ал мен үшін ең бақытты күндерім –
Балам, саған бақыт іздеп жүргенім.


Follow

Get every new post delivered to your Inbox.