Арифметикадан басталған өлең

Сәуір 20, 2010

Бірге бірді қосқанда не болады?
Онда өмірден бойдақтар жоғалады.
Алдында тұрған шақта асу белең
Қандай жақсы мақсатты қосу деген.

Өседі адам қияға қарап тұрып,
Қалықтайды қиялын қанат қылып.
Жалғыз өткен күндерден жалығады ол
Сенімінің жеңісін санап тұрып.

Алдында тұрған шақта асу белең,
Қандай жақсы мақсатты қосу деген.
Көрші, әні, айрылған сырласынан
Бір мұңлы күй төгілтіп тұлғасынан
Төсінде шөл даланың жалғыз ағаш
Тұрады қолын бұлғап қыр басынан.

Бұл өмір бір күн шаттық, бір күн егес,
Тірліктің барлық мәні күлкіде емес.
Болсын мейлі көл жалғыз, терек жалғыз
Менің жалғыз болуым мүмкін емес!

Бірге бірді қосқанда не болады?
Онда өмірден жалғыздық жоғалады
Жоғалсын, мәңгі көргің келмес оны
Білемін, аңсайсың-ау сен де соны

Ия, өмір бір күн шаттық, бір күн егес
Тірліктің барлық мәні күлкіде емес
«Екі» деген егіз сан аман болса
Менің жалғыз қалуым мүмкін емес!

Авторы: Мұхтар Шаханов

Advertisements