Жерідің менен…

Ақпан 26, 2010

Жаз өтті бастан, қыс қалды дедім,
Жерідің менен мүлде сен.
Ғұмырым бірден қысқарды менің,
Не үшін, не деп күн кешем?

Кеудемде мейірім, ар-намыс барын
Көремін дағы сорымнан.
Сұр өмір сараң алданыштарын
Сыпырып алды қолымнан.

Көкірегіме шер толып, Тектім,
Айта алмай аузым мұңды әнді,
Өкініштен мен өртеніп кеттім,
Ішімде сұп-сұр күл қалды.

Авторы: Жұматай Жақыпбаев


* * *

Желтоқсан 26, 2009

Қанша жерге ұзартсам да көлемін,
Жетпес саған ешбір менің өлеңім.
Абайсызда газет-журнал жыртылар,
Сорымды да мен осыдан көремін.
Жүрсем-дағы, күлсем-дағы торығып,
Бар-ау менде ең соңғы үміт, сол үміт –
Бір күндері екеумізді білетін
қалар біреу бір сәт саған жолығып…
Алдыңа кеп қатты толқып отырып,
Біздер үшін ол да біраз опынып,
Мақтар мені: «Ішпейтін бір жігіт» деп,
Сенбе оған, сол бір сөзі өтірік.
Тілеулестен артық адам болар ма,
Ашылады-ау көмейдегі тоған да,
«Қыз-қырғынға көз тікпейді» десе егер,
Сенбе, жаным, сенбе, жаным, оған да.
Тілейтұғын жан болса егер саған бақ,
Мені өткізіп жібермейтін амалдап,
Иттерімді қаптар менің басыма
Достасқаннан қоштасқанша жамандап.
Тақса-дағы ол нендей айып, нендей сын,
Сөзін тыңда, тыңда сөзін бөлмей шын.
Ол егерде: «Сонша жаман қалпымен саған ғашық», –
десе ғана сенгейсің…

Авторы: Жұматай Жақыпбаев