Бар махаббат

Сәуір 8, 2010

Сенбе, дос, өз сертінде тұрмағанға,
Махаббат жалған десе, бұл ғаламда,
Махаббат болмаса егер, дала кезіп
Мәжнүн Ләйлісі үшін жынданар ма.

Махаббат теңеу емес өлеңдегі,
Емес ол аңыз болған ел ермегі,
Махаббат болмаса егер, зарлап Жібек,
Қозы үшін сұлу Баян өлер ме еді.

Ғасырлап дәуірінен озғанда өлең,
Мүмкін бе пәк сезімді жазбау деген,
Жыр кені – ұлы Абайдың жүрегінде
Бітпеген бір ән кеткен Тоғжан деген.

Кей сорлы махаббатқа жолықпайды,
Ондайлар қиналмайды, торықпайды,
Аялап шын қадірлеп көрмегендер
Қызыл гүл солғанына қорықпайды.

Күн біреу, нұр төгетін көктен жерге,
Қызғалдақ бір гүлдейді көктемдерде.
Шын бақыт екі айналып жолықпайды
Қол сілтеп, көзін жұмып кеткендерге.

Авторы: Аққұштап Бақтыгереева

Advertisements