Мазасыз минуттар

Шілде 2, 2010

Алло… Алло…
Тыңдап тұрмын…
Иә, мен…
Менмін деймін…
Бұл кім екен?
Кім деймін?…
Сөйлесеңші, сонша неткен ұяң ең,
Не дерімді, не етерімді білмеймін…

Құлың болып кетсем, мейлі, кетейін,
Сорымбысың, бағымбысың? Кімсің, кім?!
Не тілейсің, айтшы, кәне, не етейін?
Сонша неге солқ-солқ етіп күрсіндің?

Тым құрыса тыныштық бер жаныма,
Ой, құдай-ай, ойының ба, шының ба?!
Жазалауың басталды ма тағы да,
Мазалауың аз болғандай бұрын да…

Құдай үшін… бір естіртші үніңді,
Ең бірінші және, бәлкім, ақырғы.
Мейлі, тіпті, айтпай-ақ қой шыныңды,
Мейлі, тіпті, айтпай-ақ қой атыңды.

Сүйесің бе?
Сүйсең соны білдіріп,
Жаз да жібер поштаменен хатыңды.
Қоймашы тек, қойма мені жынды ғып,
Төле десең, берем қаламақыңды…

((Періште ме, пері ме, әлде, пенде ме?!
Бітпейтұғын болдың-ау сен бір уайым)).
…Телефонның трубкасын кеудеңе
Қоя тұршы…
Жүрегіңді тыңдайын!..

Авторы: Алмас Темірбай

Advertisements

* * *

Шілде 2, 2010

Құмартып хор қызындай қылығыңа,
Батсам ғой балдай тәтті тұнығыңа.
Аһ ұрып, бұ дүниеден безер болсам,
Асылып өлер едім бұрымыңа…

Қос көзің ─ қолтаңбасы шапағаттың,
Қос ерінің ─ қызыл мөрі махаббаттың.
Айсыз түнде… алдымда еркелетіп,
Келеді кең дүниені аралатқым!

Қылықтың берген Құдай саған бәрін,
Сұлуды сен сияқты таба алмадым!
Келе ғой, құшағыма кіріп кетші,
Күнәдан өзім сақтап қалам, жаным…

Сұлудың сенен басқа керегі жоқ,
Себебі, себебі оның… себебі көп!
Өлмейсің, мәңгі тірі жүресің сен,
Ұлы ақынның ұмытылмас өлеңі боп!

…Көрмесем тұра алмаймын көзіңді мен,
Өзің жайлы ─ өлеңім, сөзім кілең!
Қиыннан қиыстырған қиялымсың,
Сені Құдай десем де, өзім білем…

Авторы: Алмас Темірбай


Бірінші творчестволық бірлестік

Қаңтар 9, 2008

Мынау кішкентай бір творчестволық шығармам. Ақын Алмас Темірбайдың жазған өлеңін суреттегенім. Әттең, қазақша шрифтер CorelDraw-да дұрыс оқымайды. Барымен базар болдық. Негізі осындай қазақша өлеңдермен суреттер тіптен жоқ десе де болады. Сол жағы дамыса күшті болар еді…

Суретке бір рет бассаңыз, жаңа беттен ашылады.