Неге ғана…

Қараша 21, 2009

Шаршаппын-ау жазмышқа көне-көне,
Қыс қырауын салыпты тереземе.
Ыстық деммен қырауды үрлеп тессем,
Сені ғана көремін.
Неге?
Неге?

Сезімдерден селдетіп нөсер өткен,
Қайран жастық!
Менен бір есе кеткен.
Амал келді.
Жүрегім тағы лүп-лүп
Содан бері өтсе де неше көктем.

Неге ғана өзіңе ғашық қылдың?
Неге алысқа шақырып асықтырдың?
Табанымнан сыз өтіп, бойым мұздап,
Әлі сенің жолыңды тосып тұрмын.

Сауалы көп өмір-ай, жауабы жоқ,
Жолы болмас жігітке дауа – бір оқ!
Елесіңді серік қып, қиял қуып,
Нағып жүрмін адамның ауаны боп?..

Шаршаппын-ау жазмышқа көне-көне.
Қыс қырауын салыпты тереземе.
Шашта – күміс,
Самай – бор,
Маңдай – әжім,
Әлі сені ойлаймын
Неге?
Неге?..

Авторы: Айсағали Қыдыр

Advertisements