Тұлпар күнді ағытып-ап белдеуден,
Самал кешіп салқындаған өр кеудем,
Тереңіне тастаса да тұтқындап,
Тұл жүрегім танбай қойды-ау сен деуден.
Мәні қалмай сенсіз өткен кезімнің,
Дүниеден келген де еді безінгім.
Кеудемдегі кермаралдай іңкәрлік,
Жаным, жарқын бейнең екен өзіңнің.
Түннің шашын жаңбыр жуып, малмандай,
Бұлт астына мені ертіп алғандай.
Жақпар қуған жаңғырықтай шашылар,
Үзік-үзік ой мақамы жалғанбай.
Жанарыңда жылы мұңға шөлдеумен,
Отқа айналды опынбаған өр кеудем.
Есіміңді қайталаумен алқынып,
Өтер, өтер, өтер өмір сен деумен.
Авторы белгісіз