* * *

Ақпан 11, 2010

Жүректен жыр, көзден тамшы боталап,
Тау тағдырымның төсіне
Жыласам ба екен жата қап?!
Бір сорлының күлкісіне қаталап,
Қаңғып жүрмін қайыр сұрап
Шаһарында Музаның
Сол үшін де үстем болсын мерейің
Жоғары мәртебелі, Махаббат!

Қанымды іштің, қысылмағын, қанып іш
Тау қозғалтатын мінезіңмен
Қолыңыздан келеді бұл алып іс.
Кеудеме кеп жасай бермей жарылыс
Бұл сезімді менен аулақ алып ұш.
Қаңғып жүрмін қайыр сұрап
Өң мен түстің ішінде
Сол үшін де үстем болсын мерейің
Жоғары мәртебелі, Сағыныш!

Он ғасырға жасайтындай секіріс
Тауы шағылмас жүрекпен,
Өлмейтұғын оқырманға жазып кетем өтініш.
Қирап жатыр үмітімнен тұрғызылған бекініс,
Кезіп жүрмін қайыр сұрап
Өмір, өлім арасын
Сол үшін де мейіріңіз үстем болсын
Жоғары мәртебелі, Өкініш!!!

Авторы: Танакөз Толқынқызы


Өтер өмір сен деумен

Ақпан 11, 2010

Тұлпар күнді ағытып-ап белдеуден,
Самал кешіп салқындаған өр кеудем,
Тереңіне тастаса да тұтқындап,
Тұл жүрегім танбай қойды-ау сен деуден.

Мәні қалмай сенсіз өткен кезімнің,
Дүниеден келген де еді безінгім.
Кеудемдегі кермаралдай іңкәрлік,
Жаным, жарқын бейнең екен өзіңнің.

Түннің шашын жаңбыр жуып, малмандай,
Бұлт астына мені ертіп алғандай.
Жақпар қуған жаңғырықтай шашылар,
Үзік-үзік ой мақамы жалғанбай.

Жанарыңда жылы мұңға шөлдеумен,
Отқа айналды опынбаған өр кеудем.
Есіміңді қайталаумен алқынып,
Өтер, өтер, өтер өмір сен деумен.

Авторы белгісіз