* * *

Ақпан 26, 2010

«Сіз осы шыныменен білмейсіз бе,
Кезігіп қала берем бірдей сізге?
Сіз жүретін жерлерде, әлде мені,
Адасып, не ерігіп жүр дейсіз бе?

Қағылуы махаббат қанатының,
Жаныңызға жабырқап баратыным.
Байқалмай ма сізге осы,
Қып-қызыл боп, қипақтап қалатыным.

Сізді ойламай көзімді әлі ілдіріп
Көргенім жоқ, керек пе жалындыру?
Өртенемін жаныма жалын кіріп,
Әдейі үнсіз жүрсіз бе, бәрін біліп?..

Қара көзден қашсаңыз, несіне ерсіз,
Бір әдемі бақытқа кешігерсіз.
Қарап қалсам, өтесіз көрмегенсіп,
Оңбағансыз, не деген, кешірерсіз…»

Авторы: Күләш Ахметова

Advertisements

Жерідің менен…

Ақпан 26, 2010

Жаз өтті бастан, қыс қалды дедім,
Жерідің менен мүлде сен.
Ғұмырым бірден қысқарды менің,
Не үшін, не деп күн кешем?

Кеудемде мейірім, ар-намыс барын
Көремін дағы сорымнан.
Сұр өмір сараң алданыштарын
Сыпырып алды қолымнан.

Көкірегіме шер толып, Тектім,
Айта алмай аузым мұңды әнді,
Өкініштен мен өртеніп кеттім,
Ішімде сұп-сұр күл қалды.

Авторы: Жұматай Жақыпбаев


Сағынышым ғанасыз

Ақпан 26, 2010

Түн баласы кірпік ілмей қаңғырған,
Ойларымды қайтсем екен, аға, шын,
Жолыңызда болса дегем жан құрбан,
.. тастап қайда барасың?

Сізді – арбап арулардың жанары,
Мен – мейірім іздеп жерден жалықтым.
Сезіміңнің сыйқыры да шамалы,
..жаңа ұқтым-ау, жаңа ұқтым.

Еркелегім келген тегі. Ұқпадың.
(Бұл кереғар тіршілікке дауа жоқ.)
Асылым да жасық болып шыққанын,
Мойындаудан басқа енді амал жоқ.

Өңкей мұңды өлеңіме тоғытып,
Бәрі алдады. Арманым да. Қала. Күз.
Енді сізге бере алмаспын жыр оқып:
..сағынышым ғанасыз.

Авторы: Бақытгүл Бабаш


Сабағы әлсіз сары гүл…

Ақпан 22, 2010

Сабағы әлсіз сары гүл
Жартаста жалғыз тұр өсіп.
Жауын ба, жел ме – бәрі бір,
Өзінше ол да күресіп,
Жартаста жалғыз тұр өсіп.

Дәнеңе де атпай желігіп,
Олжасыз қалған бір мерген
Отырған сәтте ерігіп,
Жартастан жалғыз гүл көрген.

Паналап төсін көненің,
Жыл сайын осы гүл өсер.
Көрсетпек болып өнерін,
Көздеді оны бір есер.

Бір есер отыр сүйініп,
Есерді қостап жаңағы.
Үкілі қыздай иіліп,
Қйылды гүлдің сабағы.

Тамыры терең көмілген,
Жартасқа жаңа гүл өсер.
Өткінші мынау өмірмен
Өзінше ол да күресер.

Авторы: Мұқағали Мақатаев


Ұмытшы оны…

Ақпан 22, 2010

Алып ұшып арманға дара сағым,
Ойлар қуып түнді аттап таң асамын.
Өзгелік пе жоқ әлде мендік пе деп,
Бас қатырып болжамдап бал ашамын.

Мендіксің деп мойымай айта алам ба?
Жұбатқанмен жанымды жай табам ба?
Әттең өмір орнында тұра алмастан,
Сықырлап бара жатқан сайтан арба.

Ойлап-ойлап,ойларға сия алмадым.
Мен сені ұнатпаймын,сүйем жаным.
Ерте неге еркелеп ескертпедің,
Кілт ұстаған жүректе иең барын.

Ол ұнапты мен неге ұнамадым,
Білмеймін менде қандай кінә барын.
Азаптанған жүректі арбау үшін,
Мен жыладым,сен неге жыламадың?

Сезімнің құрып қаны,сынып сағы.
Күйдіріп бара жатыр үміт шоғы.
Мен сені басқа жанға қия алмаймын,
Өтінем ұмытшы оны,ұмытшы оны…

Авторы: Қанат Рамазан


Сүйісудің ғажабы…

Ақпан 22, 2010

Адам ата, Хауа ананың жолымен
Жүргеніммен, білмейді екем тегі мен
Қанша жігіт…,жаңа ғана түсіндім
Құпиясын сүйісудің сенімен

Өзгеше екен, тиіп-қашып өпкенің
Сүйіскенді бұлай көрем деп пе едім,
Ұнап қалды байқап қалдым саған да,
Есім ауып, ессіз болып кеткенім

Жұмсақ демің жылы тиіп бойыма,
Қымсынудың бәрі қалып жайына,
Ләззәт оты лап етіп тез тұтанып,
Келіп жатыр небір сұмдық ойыма

Шырынды сәт, шырын ерін, шырын тіл
Сүйісуде бар екен ғой терең сыр
Есеңгіреп кеткен денем талықсып,
Құшағыңа құлайын деп әрең тұр

Сілікей ме, десем аққан шұбырып,
Жүрегім бе, десем қалған тығылып,
Тілім екен түсіп кеткен аузыңа
Ернің екен жатқан сорып, суырып

Қытықтай кеп, өпкен кезде ерніңмен
Сүйісудің ғаламатын көрдім мен
Бұдан әрі шыдай алар емеспін,
Алшы қолға, тізгінімді бердім мен!

Авторы: Ханша Әлихан


* * *

Ақпан 22, 2010

Жанымды тыншытпайды сезім деген
Қалай жүр, япырау, төзіп денем?
Қаншама күндер өтті дамылдамай
Қаншама түндер өтті көз ілмеген.

Білмеймін, не іздейді сезім менен?
Белгілі шегі де жоқ, жоқ тұрағы.
Белгісіз қайда апарып соқтырады
Не сезім мені бір күн от қылады
Не сезім мені бір күн жоқ қылады.

Адамның сезімінен сезіктенбе
Сезімді сезіне біл, төзіп, көн де.
Ақыл менен парасат бұғынады
Шынайы шын сезімге кезіккенде.

Авторы: Мұқағали Мақатаев