Ойлай бер мені…

Қаңтар 30, 2010

Тағатсыз күткен ыстық үн,
Жаралы хал ғой – ғашық хал.
Күйсандық көрсең, бір тілін
Мені ойлап бар да, басып қал.

Тек қана көзге жас алма,
Ойлай бер мені күніге.
Махаббаттардың қашанда
Ойламау жеткен түбіне.

Жаныма қап ең жақын боп,
Жүректе бүгін сыздау көп.
Мен болсам кеттім ақын боп,
Азырақ бақытсыздау боп…

Жолығар болсам қайта мен
Сағыныш толы сол шақпен.
Бәрін де саған айтар ем
Жалғыз-ақ тамшы моншақпен.

Авторы: Төлеген Айбергенов


Соған…

Қаңтар 30, 2010

Мен сенің әлеміңе енбедім,
Сен көрмедің алапатты мендегі.
Ләйлі болып мұңданбассың сен де бір,
Мәжнүн болып жынданбаспын мен де бір.

Екеумізсіз жылап отыр жас бақыт,
Екеумізсіз өтіп жатыр бос уақыт.
Құрбыларың білмей кетер мен жайлы,
Өзің жайлы айта алмаймын досқа түк.

А, дүние!
Сендей жарды бермеген,
Дәл мен сынды өтіп кетер шерменде.
Саған ғана арналатын ішімде,
Жүрегімді іліп қойдым көрмемде!

Бұл өмірден сен де өтесің, мен де өтем,
/Кімге барып бұл сезімді емдетем?/
Көкке қара!
Тамшылаған жаңбырмен,
Өлең жолын нөсер қылып селдетем.

Апармады неге саған жол бұрын?
Көрмей енді өтем бе екен жан нұрын.
Бар амалым өлең жазу ендігі,
Селк етпейді оған да бірақ тағдырым…

Сенсіз өткен өмір енді тұл-ғұмыр,
Тоқтап қалған сияқты ма жер жұмыр…
Шыр айналып кетсін мына дүние,
Жалт қарашы енді бір!!!

Авторы: Ақберен Елгезек


* * *

Қаңтар 30, 2010

Айтшы жігіт, қызды неге жылаттың,
Жазығы ма, ұнатқаны құлап тым.
Өкіндіріп, түңілдіріп өмірден,
Айтшы жігіт, қызды неге жылаттың.

Бар емес пе қарындасың өзіңнің,
Жанары ғой ол да сенің көзіңнің.
Сол ару қыз кете барды алыстап,
Құрбаны боп ғашық деген сезімнің.

Осы сәтте құласа да тірегі,
Жылап тұрып саған бақыт тіледі.
Қуаныш пен қайғыға да шыдайтын,
Неткен мықты қыз шіркіннің жүрегі…

Авторы белгісіз


Менің соңғы махаббатым сен бе едің?

Қаңтар 30, 2010

Менің соңғы махаббатым сен бе едің,
Жүректегі жұлдызымдай сөнбедің.
«Қолыңды бер, ұмыттырам өткенді», –
Деді біреу, тыңдамадым, сенбедім.

Бір жігіттің жанарынан жиі ұшқын
Көрдім-дағы қарамауға тырыстым.
Бар еркімді биледің бе,
Сенен соң
Неге ешкімді ұнатпауға тиіспін?

Сені ойламай өткізсем бір кеш, түнді,
Жаңғырыққан сенің дауысың естілді.
Мені сендей сүйетұғын жігіт бар,
Мен өзіңдей сүйе алмадым ешкімді.

Авторы белгісіз


* * *

Қаңтар 30, 2010

Алдыңнан терезеңнің жүріп өттім,
Сен мені байқадың ба, құдіреттім?
Тұрдың ба терезеңнің ар жағында
Теңселіп, тұтқан пердең діріл етті.

Неге өртенді?
Жүрегім неге өртенді?
Нелер келіп, басыма нелер төнді?
Балконыңнан қол бұлғап қарсы алушы ең
Неге менен жасырдың көлеңкеңді?

Көзің қайда көшеден мені іздеген,
Сөзің қайда жанымыз егіз деген?
…Терезеңнің алдына келіп тұрмын,
Көгершіндей…
Қысты күн… Жем іздеген…

Авторы: Мұқағали Мақатаев