* * *

Қаңтар 4, 2010

Өкiнiштiң оты өртедi өңештi,
Үңiлгенде дәптерiме өңi ескi.
Ақ қағазда есiмiң – мәңгi өшпес,
Жадымдағы бейнең бiрақ көмескi.

Тек есiмде… Ұмытпадым күлкiңдi,
Жанарыма сансыз маржан iркiлдi.
Жүрегiмде астаң-кестең ақ боран,
Жадыратып қойғаныммен сыртымды.

Сағынсам да жете алмадым, қайдасың?
Әлде айналып кеткенбiсiң Айға шын.
Әлде менен өзге сұлу жолығып,
Баурап алып асырды ма айласын.
Бақытыңды тапсаң бастан таймасын.
Көзiме тек бiр көрiншi…
Қайдасың?!

Авторы: Құралай Омар

Advertisements

* * *

Қаңтар 4, 2010

Көздеріңнің бір ойланып, бір күлген
Өзекті өртер дерт боларын кім білген?!
Бір-ақ рет билеймін деп өзіңмен
Біраз уақыт есеңгіреп жүрдім мен.

Біраз уақыт өз-өзіме келе алмай,
Біраз уақыт ақылыма ере алмай,
Жынды болдым көз алдымнан біраз күн
Сенен басқа жан адамды көре алмай.

Арбап және әдеттенген жиі алдап
Саусағыма сарқылмаған сиямды ап
Біразырақ ақын да боп үлгердім
Біраз уақыт оны-мұны қиялдап.

Сүйемін деп, айтпасаң да сенем деп,
Тосын хабар алатындай сенен бек
Ханзададай асыл затын жоғалтқан
Біраз уақыт жүрдім әйтеу елеңдеп.

Біраз уақыт арқыратып, бірер күн…
Біраз уақыт өзің болып күлер түн?!
Біраз дейтін бірақ осы бір сөзде
Тұтас өмір тұрғандығын білер кім?

Авторы: Дәурен Берікқажыұлы


Мен бақытты бола салам бір күні…

Қаңтар 4, 2010

Жүдетсе де дүниенің жыртығы,
Көңілді аулап Күннің қызыл кірпігі.
Айдың аппақ сәулесіне оранып,
Мен бақытты бола салам бір күні!

Көкке ұшырып сұлу сөздің төресін,
Көктем келер қуып қайғы елесін.
Сәл мұңайып келе жатып,
Бір күні
Мен бақытты бола салам –
Көресің!

Авторы: Гүлнар Салықбай