Онлайндағы сезім

Желтоқсан 26, 2009

Кірпігіңе күн шомылып, сезім күлген арайлым,
Ғаламтордағы ғажайып суретіңе қараймын…
Қарай-қарай қабағымда бүршік атып аппақ мұң,
Ғашықтықпен ақыры маңдайыңа тоқтаппын.
Сонсо-о-он… ойбо-о-оой… армандау мен қайдағыны ойға алу…
Қиялдану… Қиялдау…
Мендік қиял – жазмышыңа айналу!
Солай… Еркем түсінші… Ойың – сұлу, пак – басың,
Сөз оғынан Жаныңды көз сұғынан сақтасын.
Монитордан мөлдіреп жүрегімді гүлдеттің,
Махаббаттың самалын сезінбеппін, білмеппін!
Бақыт деген осы ма?!
Мүмкін, сорым шығарсың?
Ойхой, мына мүсінмен…
Мың ақынды ғашық қып, миллион жанға ұнарсың!
Сенің әзіз алдыңда барлық еркек некелі,
Құмарлықтың демімен құмға сіңіп кетеді.
Жан әлемін билетіп, армандарға гүл қадап,
Сені сұлу жаратқан Жаратқанға мың мадақ!
Міне, осылай сөзімнен нұр саулаттым – жасыл нұр,
Ғашық еттің қайтейін… Бақыт гүлің ашылғыр!
Сені ойлау – сағыныш және тәтті қайғыру…
Жауап жазсаң поштама –
bauke82@mail.ru

Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ


Өксітіп… Өкіндіріп… Өкпелетіп…

Желтоқсан 26, 2009

Өзектен өрлігімді өктем етіп,
Көргенім осы еді ғой көкке бекіп.
Ең асыл адамымды Сүйемін мен,
Өксітіп. Өкіндіріп. Өкпелетіп.

Хат беріп жібермедің неге түннен,
Кешірсең
Кешіксем де, келетін бе ем?!
Сендік мұң- менің күнәм. Түн куәсі…
Жыр оқып берем енді не бетіммен?!

Қысты қойш…
Келеді ғой күліп көктем,
әр күні шуағымен үміт төккен.
Жүремін өзімді өзім іздеп күнде,
Күйбеңнің көшесіне сіңіп кеткен.

Таңыма тәубе етпесем, бағыма сын,
Өмірдің өлең дедім мағынасын.
Шөлдеген кездеріңді,
Тұңғиыққа
тұншығып бара жатып сағынасың.

Бүгінгі сезім жалын, кешегі де от,
Кей кезде кезбе алаудың кеселі көп.
Тиер ме ед таңдайыңа тылсымға еру,
Жазылсам маңдайыңа бес елі боп…..

Өзектен өрлігімді өктем етіп,
Көргенім осы еді ғой көкке бекіп.
Ең асыл адамымды Сүйемін мен,
Өксітіп.
Өкіндіріп.
Өкпелетіп…

Авторы: Рахат Әбдірахманов


Жалғызбын

Желтоқсан 26, 2009

Ерінімде дәмің қалды,
Көңілімде дағың қалды өшпейтін.
Өзегімде күмән қалды,
Өз-өзімде кінәм қалды кешпейтін.

Құшағымда елес қалды,
Құса мұңда белес қалды біз барған.
Күлкі, қызық ғайып болды,
Кілт үзіліп, майып болды ізгі арман.

Тұман қамап жарық таңды,
Қыран қанат шабыт қалды сілкінбей,
Қабағымда жасын қалды,
Жанарыңда жасым қалды сүртілмей,

Сабасында сәнді үміттің
Арасында сан жігіттің, сан қыздың
Сен есімнен жұтылғанша,
Елесіңнен құтылғанша
Жалғызбын.

Тілек қалды орындалмай,
Жүрек қалды тоқ ұрғандай сілейіп.
Жөн болды ма, соның айнам,
Сор болды ма, оны қайдан білейік?..

Авторы: Мұрат Есжан


* * *

Желтоқсан 26, 2009

Қанша жерге ұзартсам да көлемін,
Жетпес саған ешбір менің өлеңім.
Абайсызда газет-журнал жыртылар,
Сорымды да мен осыдан көремін.
Жүрсем-дағы, күлсем-дағы торығып,
Бар-ау менде ең соңғы үміт, сол үміт –
Бір күндері екеумізді білетін
қалар біреу бір сәт саған жолығып…
Алдыңа кеп қатты толқып отырып,
Біздер үшін ол да біраз опынып,
Мақтар мені: «Ішпейтін бір жігіт» деп,
Сенбе оған, сол бір сөзі өтірік.
Тілеулестен артық адам болар ма,
Ашылады-ау көмейдегі тоған да,
«Қыз-қырғынға көз тікпейді» десе егер,
Сенбе, жаным, сенбе, жаным, оған да.
Тілейтұғын жан болса егер саған бақ,
Мені өткізіп жібермейтін амалдап,
Иттерімді қаптар менің басыма
Достасқаннан қоштасқанша жамандап.
Тақса-дағы ол нендей айып, нендей сын,
Сөзін тыңда, тыңда сөзін бөлмей шын.
Ол егерде: «Сонша жаман қалпымен саған ғашық», –
десе ғана сенгейсің…

Авторы: Жұматай Жақыпбаев