Рецензия

Маусым 30, 2009

Орыстардың көрген киноларына жазатын рецензияларын оқып, қайран қаламын. Қайдан шыққан ойлар, тіл байлық, философия. Кез-келген фильмді бүге-шігесіне дейін, майын сорып, жілігін шағып, жазып тастайды. Тіпті кейбір қолданушылардың жас аралығы 16-17 жастардағы жасөспірімдер, ал ойлау қабілетімен оларды ордабұзар жастағылар ма деп қаласың. Сенбесеңіздер, КиноПоиск сайтын бір ақтарып көріңіздерші.

Сонда рецензия жазуға жалпы біреулер үйрете ме? Әлде әр адам өзіндік ойларын өзінше жеткізе ме? Мысалы, менің шамам жетпейді сөйтіп жазуға. Кейде бір фильмді қарап шығып, кейін осы сайтқа барып, рецензияны оқысаң, сен байқамай қалған сәттерді жазып, оның мағынасын түсіндіріп жіберетін кездері болады. Сонда сен жалпы фильмді жай қарап шыққандай боласың, ал оның астарында қаншама мағына, қаншама философия жатыр екен.

Кейінгі кездері фильмдерді үлкен өнер ретінде, астарын іздей қарауға үйреніп жүрмін, сонда да білімім жетер емес. Соны түсінген сайын, фильм түсіру қаншалықты үлкен жауапкершілікті, үлкен өнерді қажет ететінін түсініп жүрмін. Біздің қазақ қоғамында рецензия жазу, ойларын жеткізу әлі дұрыс іске аспай жатыр.

Меніңше осы үрдісті дамыту керек, фильмді дұрыс түсіну, астарына жете білу. Көбінесе фильмді қарап шыққан сәттен, «ұнады, ұнамады» дегенмен ғана шектеліп жатамыз. Саян3 айтпақшы, «Үлкен білімге» жол бастауымыз керек…