BarCamp Central Asia жайлы не білемін?

Сәуір 8, 2009

Блог жазатын болған соң, мен де осы бейресми конференцияның бір бөлшегіндей сезіндім. Алайда өзім, блогымды пайда табудың көзі немесе профессионалды тұрғыда байланыстырмағандықтан, қатысып, белсенділік танытуға құлқым болмады, шынымды айтсам. Әркез осы конференция жайлы сөз қозғалғанда, қазақ блоггерлерінің (жалпы қазақтардың) ынтасыз, жалқау деп ойлап қала ма деп, іште бір ой да мазалады. Бірақ конференцияға сол оймен ғана қатысуды да әбестік деп санадым.

Осындай Баркемптерге қатысып көрген жоқпын. Сондықтан маған көп нәрсе түсініксіз. Тек жалпылама түйгенім болмаса. “Егер жұлдыздар жанса, бұл да біреуге керек болғаны ғой” – деп Маяковский айтпақшы, бұл жобаның интернет әлеміне үлкен маңызы бар шығар. Бірақ дәл осы ретте  Қазақстандағы орыс тілді интернетінің дамуын тағы нығайта түсетін тұрғысынан көремін.

Тіпті, қолдаушылардың арасынан қазақша сайттарды (New EurasiaNet басқасы) немесе қазақ баспаларының қолдағанын көрмедім. Жалпы қазақ интернет қауымдастықтарымен байланыс болды ма, ол да бір сұрақ болып қалды…

Сайтқа тіркелгендердің басты міндеттерінің бірі осы конференция жайлы жүрген жеріңде айтып жүру керек екен. Блогыма жазып қойдым, ойымды жаздым.

Интернеттің Қазақстанда дамуын қолдаймын. Әсіресе қазақ тілді сайттардың. Бірақ бірдеме жетіспейді, бір тілде сөйлейтін ниеттестер жетіспейді ма, әлде өзімнің ынтасыздығым…

Қатысыңыздар, көріңіздер, «Талап қыл артық білуге» – деген ғой Абай атамыз. Бәлкім, осы бейресми конференция арқылы интернет әлемінің басқа да қырларын танып, жаңа дүниелер ашуға көмектесер. Барлық қатысушыларға «Іске сәт»!