Қазақ елі наурызды қалай қарсы алған?


Қызыр түні – Жаңа жыл табалдырық аттап, үйге енгенде, “жалғыз шала сәуле болмас” деп терге қос шырақ жағылып қойылады. “Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады деген сеніммен Наурызға шейін үй ішіндегі жиһаз, мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады. “Береке басынан басталады” демекші, “жыл басы жақсы басталса, аяғы да жақсы болады”. “Жыл бойы ақ мол, дән тасқын-тасқын, жауын-шашын көп болсын деп Қызыр түні ыдыс атаулыны ырысқа /бидай, тары, арпа, сұлы, жүгері, т.б./ аққа /сүт, айран, шұбат, шалап, уыз, т.б./ және кәусар бұлақ суына толтырады.


Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша наурыздың 21-і түні даланы Қызыр аралайды екен. Сол себепті осы түн “Қызыр түні деп аталады. Қызыр – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял-ғажайып бейне. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының символы – Қызыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен.

Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 6-да себезгілеп атқан кезде біздің өңірімізде бұл сәт түнгі сағат 3-ке тұспа-тұс келеді. Сондықтан да қазақ халқы Жаңа жылды наурыздың 22-сі күні таңғы сағат 3-те қарсы алады.

Бұл түні ауыл бойжеткендері өздері ұнатқан жігіттерге арнап соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, “ұйқыашар” деп аталатын ерекше дәм дайындайды. Ал жігіттер мен бозбалалар болса, қыздардың қолақысының қарымтасына айна, тарақ, иіссудан тұратын “селт еткізер”, “дір еткізер” сыйлықтарын ұсынады. Бұл дәстүрлі сыйлықтағы айна – пәктік пен жастықтың, тарақ – әдемілік пен сұлулықтың, иіссу – бүршігін жаңа жарған жауқазындай құлпырудың, жайнай түсудің белгісі.

Алдымен ауыл жастары бір асау тайыншаға ашамай ерттеп, үстіне жанды қуыршақ мінгізіп, мойнына қоңырау тағып, төбесіне бір шоқ құстың қауырсынын /қарқара/ тағып дайындайды. Олар түнгі сағат үште қорадағы малды үркітіп, иттерді шулатып, елді ұйқыдан оятып, тайыншаның басын бос жібереді. Бұл тайынша мінген жанды қуыршақ жерімізге келе жатқан жаңа жылдың бейнесі іспеттес. Ойын-күлкісіз, әзіл-қалжыңсыз мереке мереке ме?! Той кезінде Сал сері, Хан, Ханша, Батыр, Диуана немесе халық ертегілерінің түрлі кейіпкерлері бейнесінде киініп бетпердесін /маскасын/ тағынуға болады.

Ұлыс күні — қазақ елі үшін әрқашан қасиетті. Ол күні қар не жаңбыр жауса, “Нұр жауды, “Туар жыл жақсы жыл болады” деп қуанған. Наурыз айында жауған қар басқа қарларға қарағанда ерекше әппақ, үлпілдек болады да, “ақша қар” аталады. Осыған орай тілімізде мінезі балдай, сұлу қызға айтылатын “Наурыздың ақша қарындай” деген теңеу бар. Ұлыс күні туған сәбилерге Наурызбай, Наурызбек. Мейрам. Мейрамгүл, Кіріс, т.б. аттар қойылып, оларға бір жас қосылады.

Ұлыс күні жеті түрлі заттан — соғымнан қалған сүр, қойдың басы, сүт, езілген құрт, бидай, тары, күріш дәндерінен қазан толы көпкөже /наурыз көже/ пісіріледі. Әр үйдің дастарқанына ақтан /сүт тағамдары/, көк ырыстан /дән тағамдары мен жеміс-жидектер/ және қызылдан /еттен істелген тағамдар/ жеті түрлі дәм қойылады.

Наурыз көженің қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі — қыс тағамымен /етпен/ қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы — жас тағамымен /сүт, ақ/ қауышудың мәнісін білдіреді.

Наурыз күні таңертең ертемен ерлер қолдарына күрек, кетпен, ал қыз-келіншектер құрт, ірімшік, сүт, піскен ет алып далаға шығады. “Бұлақ көрсең көзін аш” деп қаумаласқан жігіттер айнала төңіректегі бастаулардың көзін ашса, “Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын, Бір тал кессең, он тал ек!” дескен қариялар бұлақ басына тал егеді. Әйелдер атып келе жатқан Күнге тәу етіп, “Армысың, қайырымды Күн -Ана” деп иіліп сәлем береді, “Кеудесі түкті Жер – Ана, құт дарыт, жарылқа” деп ашылған бұлақ көзіне май құйып, жаңа егілген ағаштарға ақ бүркеді.

Әдетте, Наурыз күні адамдар бақай есеп, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ұжданы алдында арылуы керек. “Ұлық күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш”, “Жақсылыққа жақсылық – жай адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер жігіттің ісі”. Тас атқанға – ас ат” секілді нақылдарды өзек етіп, ту көтерген билер, ақсақалдар ат құйрығын кесісіп, араға жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарханнан дәм татырып, табыстырған, осылайша ел бірлігін күшейткен.

Кеш түсіп, күн батуға айналған кезде, ортаға екі ақын шығып, Жақсылық пен Жамандықтың, Суық пен Жылының, Қыс пен Жаздың күресін бейнелейтін “Өлі мен тірінің айтысын” бастайды. Айтыста күн ұясына бата өлі жеңіледі, зұлымдық иелері – Қалтырауық, Қамыркемпір, Ақпан, Тоқпан, Әзмырзалар тым-тырақай қаша жөнеледі.

Қараңғы түсе екі жерге үлкен-үлкен от жағылады. Жас ерекшеліктеріне қарай топ-топ болып осы екі от ортасынан өтіп бара жатып қолдарындағы басына майлы шүберек ораған таяқтарын тұтатады, “Алас алас, пәледен қалас” деп хормен өлең айтып, айнала төңіректі отпен тазалап шығады, жастар жағы жанған оттан секіреді. Алтыбақан басында жастар түнімен түрлі халықтық ойындар ойнайды, айтысады. Бұл кеште айтылмаған ән, тартылмаған күй, танылмаған шешен қалмайды. Таң ата көпшілік биіктеу төбенің басына шығып, таңды қарсы алады. Егер кімде-кім Ұлыстың күні сәтінде Күн шұғыласын маңдайымен тосып қарсы алса, оған Наурыздың құты дариды деген ұғымға сай Жаңа күнді қарсы алу салты қалыптасқан. Күлімдеп көрінген Күнге иіліп сәлем беріп, “Құт дарысын” деп, айнала-төңірекке ақ бүркіп, үйлеріне тарасады.

(«Наурыз» кітабынан).

“Қазақ әдебиеті” газеті, №11(2963). 17.03.2006 ж.

Жыл басы – Наурыз мерекесі құтты болсын! Еліміздің төл мерекесі біздің көңілімізге, жанымызға жақын мерекелерінің бірі деп білемін. Қазақтар наурызды қыстан аман-есен шығып, жиған-қалғанын салып, елмен көрісіп, хал сұрасып жатқан ғой. Осы жылы да “кризис”-тен аман-есен шығып, халқымыз аман, жұртымыз тыныш, мемлекетімізде тұрақтылық орнасын деп тілеймін. Наурыз барлықтарыңыздың отбасыларыңызға құт-береке әкелсін!

1 пікір | Қазақ елі наурызды қалай қарсы алған?

  1. Ansar says:

    Сізді және барлық блогшылар мен блог оқырмандарын наурыз мерекесімен құттықтаймын!

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: