1 жас…

Қараша 12, 2008

Қаншама сынақтан өтіп, қаншама творчестволық кризисті бастан кешіріп, “Осы кімге керек?”, “Ешкімге қызықсыз”, “Тіл байлығым жоқ” деген сылтаулармен қаншама рет жабылып қала жаздаған блогым, міне 1 жылға толып отыр.

Басында, осы блогты бастағанда алдымда бір мақсат болды – қазақша ақпараттармен толтыру. Интернет қауымын қазақша оқуға ынталандыру болған. Бірақ, кейін өзім жайында да, ойларымды ортаға салып, сіздермен бөлісе отыруды да жөн көрдім.

Қазіргі уақытта, күйбің тіршілікте, кітап немесе журнал оқысам да, интернеттен жаңалықтар оқысам да, “осыны блогыма жазсам” немесе “блогыма бір қызықты ақпараттар бар ма екен” деген ой әркез тұрады.
Блогым арқылы сіздерді танимын, еліміздің қамқоршыларын, ана тілінің жанашырларын, рухани бай – достарымды.
Блогым арқылы мені танисыздар. Бәлкім, осы жерде көп жаңалық ашып жатқан жоқ шығармын, алайда менің мақсатым бұл емес, жай ғана үлес қосу, “Көп түкірсе көл” демекші, қолымнан келген соң – бөліскенім.

Мені әрдайым қолдап, блогымды комменттермен қуантып, алға жетелеп жүргендеріңізге көп-көп рахмет!!!