Жақсы әйел, жақсы жар, қыз туралы – Абай…

Тамыз 29, 2008

Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көзің жетпей көңіл берме!

* * *

Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр,
Бүлк еткізбес қалайша соқса тамыр!
Жар көңіліне бір жанын пида қылып,
Білместігің бар болса қылар сабыр.

* * *

Шу дегенде көрінер сұлу артық
Көбі көпшіл келеді ондай қаншық.
Бетім барда бетіме кім шыдар деп
Кімі паңдау келеді кімі тантық.
Ақыл керек, іс керкек мінез керек
Ер ұялмас іс қылар қатын керек.
Салақ, олақ, ойнасшы, керім, кербез
Жыртаң тыртаң қызылдан шығады ерек. Read the rest of this entry »


Бір арманмен…

Тамыз 26, 2008

Міне, Олимпияда да тәмамдалды. Біздің ел үшін жаман болған жоқ. 2 алтын, 4 күміс, 7 қоламен жалпы командалық есепте 29 орынды иеленіп бітірдік. Жеткен жетістігімізді менсіз де қақсап айтып жатқандар жетерлік. Тек осы олимпиядадан бір байқағанымды жаза кетейін:

“One world, one dream” деген олимпияда ұраны әрбір жеке мемлекет үшін айтылған болса бұл сайыстың өту барысында, мен бұл ұранның бір мемлекетте тұрып жатқан әрбір азамат үшін үлкен арман болмаса да, тілеуі екенін түсіндім. Мой мирдағы олимпиядаға қатысты қауымдастыққа жүлдегерлердің суреттерін іліп, пікірлерін оқығанымда бей-жай қалмаған қазақстандықтарды көрдім. Қазағы бар, орысы бар, ұйғыр, тәжік, кәрісі бар бәрі ретпен олимпияда жүлдегерлерін құттықтап, әділетсіз төрешілерді балағаттаумен болды.
Недегенмен біртұтастығымыз осындай кездерде байқалады. Қазақстандық азаматтардың біріге жанкүйер болып, ұлтқа бөлінбей, қолдау көрсетуі – әр адамның асқан адамгершілігі ғой.



Махаббаттың “ортасы”.

Тамыз 25, 2008

Я пришел к мудрецу и спросил у него:
«Что такое любовь? Он сказал «Ничего»
Но, я знаю, написано множество книг:
Вечность пишут одни, а другие – что миг
То опалит огнем, то расплавит как снег,
Что такое любовь? «Это «Все», человек!»
И тогда я взглянул ему прямо в лицо,
Как тебя мне понять? «Ничего или все?»
Он сказал улыбнувшись: «Ты сам дал ответ!:
«Ничего или все!», – середины здесь нет!»

Омар Хайям… Тағы да бір Омар Хайямның ғажайып қаламынан туған шедевр. Орысша нұсқасын жариялап отырғаныма кешіріңіздер, қазақша аудармасы бар ма, жоқ па, білмедім. Бірақ мен осы өлеңін қатты жариялағым келіп кетті. Өйткені, тура шындықты айтқанына қайран қаламын!

Read the rest of this entry »


Конфуций жазбаларынан

Тамыз 19, 2008

Дегдар азамат
Үш түрлі жағдайда,
Үш түрлі кейіпте танылады:
Алыстан көрсең – тәкаппар, айбынды,
Жақыннан көрсең – ізетті, мейірбан
Сөзін тыңдасаң – тура, қатқыл.

Кісіліктің мәнісі –
Нәпсіні тыю, Рәсімді сүю
Нәпсіңді біржола жеңсең,
Рәсімге бел байлап көнсең,
Аспан астындағы әлеумет
Сенің кісілігіңе ден қояды.
Кісілікке жету –
Көлденең жұртқа емес,
Тек өзіңе ғана байланысты.

Ілімді – күмәнсіз,
Ізгі – уайымсыз.
Қаһарман – қорқынышсыз болар.

“Біреудің көзіндегі шөпті алмақ болсаң,
Әуелі өз көзіндегі ағашты алып таста”.


Храпатый бастаған даңғыл жол

Тамыз 18, 2008

Осыдан біраз күн бұрын бақилыққа аттанған қазақстандық ауыр атлетика спортшысы Анатолий Храпатый соңғы берген сұхбатында өзі үшін ең сәтті болған Атланта олимпиядасын еске алып, «Осы Пекин олимпиядасы Атлантада өткен олимпиядаға қарағанда жетістікті болады деп үміттенемін», – деп айтып кеткен екен.
Көзінің тірісінде өзінің ауыр атлетикада жақсы нәтижелерімен елді қуантып, мерейін асқақтатқан спортшының жетістіктерін көріп өскен жастарымыз, міне, өзі айтқандай үлкен биіктерден көрініп жатыр. Қазіргі уақытта иеленген 8 медальдің жартысы – ауыр атлеттердің еншісінде.

Сөзсіз, ең үлкен жетістік – Илья Ильиндікі. Бұл есімді соңғы кездері көп естіп жүрміз. Соңғы жылдары жақсы нәтижелерімен елді қуантып жүрген жігіттің алтын алатынына көп қауым үміт артқаны белгілі. Илья да есе жібермейтініне сенімді болатын. Жарыс барысында, үзіліс кезінде Ильяны түсірген таспагерлерге «Я буду первым!» («Бүгін мен бірінші боламын») деген сенімді сөздері жүрекке жылу ұялатқанымен, экранның бер жағында отырған бізге біраз қобалжуға тура келді. Алайда, Илья өз сөзінде тұрды. Жігіт екен! Керемет! Алтын – біздікі! Пекин аспанында біздің ту желбіреп, әнұран ойнатылды. Бұл сәттер әрбір қазақ үшін ең бақытты сәттер ғой шіркін!
Қуантатыны, бұл спорт түріндегі төрешілердің қолында боксшілердікіндей үлкен билік жоқ. Бәрі халықтың көз алдында, айқын көрініп тұрады.Біздің боксшыларымыз соңғы ұрыс алаңдарындағы төрешілер әділетсіздігінен жарыстан шығып қалып жатыр. Недегенмен, халық алдында боксшыларымыз мықты! Оларға айтарымыз – Сендер мықтысыңдар!!! Сендер жеңілген жоқсыңдар!!! Әлі де алатын асуларың алда деп сенеміз!!!
Алда шығатын боксышларымызға сәттілік пен әділ төрешілерді тілейік!!!
Соңғы жаңалықтарды әрдайым Нұрғисаның блогынан біліп отыра аласыздар!


Мен туралы сіз білмейтін 5 нәрсе

Тамыз 14, 2008

Аршат бастаған тақырыпты әрі қарай жалғастырайын.

1. Жастайымнан журналист болуды армандадым. 8 сыныптан кітаптар оқып, шығармалардан кілең “5/5” деген баға алатынмын. Бірақ тағдырдың тәлкегімен “программист” маманымын.

2. Өте көңілі бос адаммын. Біреу дауыс көтеріп сөйлей бастаса көз жасым дайын тұрады. Немесе мұңға толы драма, “Жди меня”, “Бармысың, бауырым!” сыңайлы бағдарламалар көріп отырып, және де кітаптің қайғылы желісінде көзімнен жас шығып кетеді. Бірақ кейде өміріме ызаланып, жылағым келген кездері жылай алмай қаламын. Сонда осындай бағдарлама немесе кинолар көмекке келеді. Оларды көре отыра, өзімнің ызаларым еске түсіп, жылап-жылап, сыртқа шығарып тастаймын.

3. Алдында айтып өткенімдей, қырғын-жойғын, атыс-шабыс, төбелес, фантастикаға толы киноларды көрмеймін. Сосын жалпы өмірде адамдар жасаған жауыздықтар жайлы кеңірек талқылайтын жаңалықтарды қарамаймын.
Өмірге “розовый” әшкимен қарап жүре бергім келеді.

4. Қазіргі менде барымның барлығы – менің жетістігім – адал еңбегіммен, біліміммен келген. Ата-анама көмектесе аламын – осыны мақтан тұтамын.

5. Сыртқы пішіміме, болмысыма сын айтатындарды жақтырмаймын. Сосын “тупой” сұрақтарды (Неге толмайсың? Неге арықтамайсың? Недеген … т.с.с) ұнатпаймын. Мұндай сұрақты қойып тұрғандардың өзі де сондай деген ой қалыптасқан. Жан сұлулығын қатты бағалаймын. Жаны сұлудың – тәні де сұлу деп ойлаймын.


Грузия мен Ресей: не болып жатыр өзі?

Тамыз 13, 2008

Қазіргі таңда бәрі олимпияда машақатымен жүргенде көрші елдерде “соғыс” болып жатыр дегенге құлағымыз түрік жүр. Ол соғыстың неден, не үшін шыққанынан хабарым аз. Бірақ, көптеген қара қауым қаза тауып жатқаны өте өкінішті…

“ХХІ ғасыр – жаңа дәуір – соғыссыз, бейбітшілік әлемде өмір сүреміз” деген ойым күннен-күнге сейіліп барады… Мен сияқты ойлағандар да көп, білем. Қазіргі кезде, көптеген келіссөздер жүргізіліп, бейбіт өмірге жетелейтін одақтар құрылған заманда осындай кикілжіндер тууы қатты қынжылтады.

Read the rest of this entry »