-*-*-*-*-*-*-*-*-

Мамыр 27, 2008

Жаным, неден түңілдің, жанарыңда неге мұң?
Бақытсызбын дегеннің бірі мына мен едім.
Бекер бәрі, тәубә қыл саулығыңның барына,
Бұл пенденің ешқашан таусылмаған керегі.

Сен де өтесің өмірден , мен де бір күн кетермін…
Жанары жоқ жан айтсын шын бақыттың не екенін.
Түсінер ең сен сонда оның барлық арманы
Мына жарық әлемді бір көруде екенін.

Кейде өкпелеп беталды, өксіп қысып, тығылып,
өзімізге өзіміз жасаймыз ғой тығырық.
Аяғы жоқ адамның қасында не қайғымыз,
Бар арманы бір сәтке өту болған жүгіріп.

Қиындықсыз өмірде келер қызық, ән бар ма,
Бір арманың болмаса бұл өмірде мән бар ма?
…Қалай жаның ашымас анау жындыханада
армандауға шамасы келмейтұғын жандарға…

Бұл өмірдің таусылмас жауабы жоқ сұрағы,
Тәубәшілік дұрысы, шүкіршілік, шырағым!
…Таспадағы әуенге көңіл толмай біз жүрміз,
саңырау жан бір ақ үн естуді аңсап тұр, әне…

Амандықтан асатын бұл өмірде сән бар ма?
Теңсіз бақыт түсінсек бізге әрбір таңдар да.
…Бір минуты жетпей қап бір ауыз сөз айтуға
кетті емес пе жалғаннан талай жандар арманда.

Атақ, мансап, байлық, тақ, ақша, қызық – десіп тым,
Асып-тасып кеттік-ау көпірумен кешіп күн…
…Марқұм Анам «..бас аман болсын, бәрі болады..»-
дегенінің тереңін кеш ұқтым-ау… Кеш ұқтым!

Өлеңді жазған: РАХАТ ӘБДІРАХМАНОВ


Бақыт іздеу жолында…

Мамыр 23, 2008

Адам есейе келе өмірдің мән-мағынасын іздей бастайтыны хақ. “Мен бұл өмірге не үшін келдім, не істеуім керек, қалай істесем дұрыс болады екен” – деп, ойлану мен батыл істерге бел буып жатамыз. Мақсат бір ғана – бақытты болудың амалын іздеу.
Көп жағдайда қандай істі бастамасақ та оның бізді игі істерге әкеліп, бақытты ететініне үміттенетініміз рас. Алла тағала адамға ойлау қабілетін бергеннен кейін, ол әр қадамын сараптап, ақылға салып, ақиқатқа, бейбіт өмірге жетуді аңсайды.

Қай бір күні жақын құрбым “Мен шіркеуге барып жүрмін. Білемін, саған, бәлкім, осы ісім ұнамар. Бірақ маған онда ұнайды”, – дегенде маған осы ойлар келді. Ол сол жерден жанына тыныштық тапты, бақыт сезіміне бір адым жақындады. Құдай біреу емес пе? Және де ол біздің бақытты болғанымызды қалайды. Діннің қай бағыты болмасын, адамның адал жолмен, адамгершілікпен, ризашылықпен, махаббатпен өмір сүруді, Құдайға құлшылық етуді дәріптейді емес пе? Ал егер ол түзу жолмен жүрсе, неге мен оны ұрсуым керек, неге мен оның бұл ісін құптамауым керек?..

Әрине, мешітке барып та Құдайға құлшылық етуге болады, мұсылман болғандықтан біздің санамыз ислам дінін ең хақ дін деп түсінеді. Ал басқа елде, басқа дінді қабылдап өскендер туғанынан осы исламға бет бұрмағандарына кінәлі ме? Олардың санасы өз діндерінің ең адал екендеріне күмәнсіз. Бірақ бұл да бір өз басына жеке әңгіме. Бәлкім, құрбыма шіркеуді дәріптеген адамның уағызы мықты болған шығар, адам тез сенгіш, еліктегіш келеді ғой. Бірақ бір білерім, мен құрбымның тек бақытты болуын қалаймын. “Қабыл болсын”, – осы менің жауабым болды.


Өмірдің үш түсі…

Мамыр 20, 2008


Супер Мариодан супер ойындарға дейін

Мамыр 19, 2008

Осыдан бір 10 жыл бұрын немесе одан да көп пе, алғаш Sony PlayStation құрылғысын сатып алып, оны ескі теледидарға қосып (өйткені түрлі-түсті теледидарға қоссаң ол бұзылады деген ой қалыптасқан), джойстикті басқаннан саусақтар ауырып, көзіміз талғанға шейін Супер Марио ойынын жалықпастан ойнайтынбыз. Сол кездің өзінде сол Сони де, тіпті Супер Марио да бізге жаңалық, үлкен бір жетістік болып саналатын. Оның әрбір қимылы, тиындарды жинауы, төбелесуі – таңғаларлық жәйт болып көрінетін.
Содан бері қаншама ойындар шықты. Сол қарапайым Марио ешкімге де керек емес болып қалды. Оған қарағанда танымал футболшылардың түрінен айнымайтын, шетел клубтарымен компьютерде ойын ойнаған бұдан керемет емес пе?
Бұрындары бауырым компьютерде телміріп, ағылшын комментаторын айқайлатып компьютерде футбол қуушы еді. Қазір тіптен комментатор орысша да сөйлейтін болыпты.
Одан қалса стратегия, әлгі GTA деген тағы бар. Соңғысын қызығушылық танытып, өзім де ойнап көргенмін. Әлгі Мариода жеңген уақытында сүйікті қызымен қосылатыны бар еді, әлгі GTA-да ол тіптен толығымен жетілген. Кез келген ойында бәрі ойластырылған.
Ойынды қойшы, мультфильмдерін де алып қарсаң тегі бір тірі актерлар ойнап жүргендей қабылдайсың.

Қазіргі уақытта техника дамыған заман, бәрі бар сияқты көрінеді. Ал осыдан 10 жыл өткеннен кейін қалай болар екен десеңізші…


Ең ұлы кішкентай сөздер

Мамыр 14, 2008

Біздер достығымызды ұлғайту, арттыру үшін, көптеген нәрселерді жасай аламыз. Ең тиімдісі үш ауыз сөз.

Мен қазір келемін…
Егер түн ортасында досыңа телефон шалып, баламды дәрігерге апару керек, немесе машинам жолда бұзылып қалды дегенде, “Мен қазір келемін” деген үш ауыз сөздің адамға қалай әсер ететінін білетін боларсыз. Қиналған адамның жанынан табылып, сүйеу болу, біздің оларға деген сезіміміздің адалдығын көрсетеді. Бұл жағдайда бұл сезіміміз бен достығымыз жаңара, ұлғая түседі. Рухани жанданады. Досыңа қол ұшын беру – ізеттіліктің белгісі.

Read the rest of this entry »


Бардым, көрдім, жеңдім!!!

Мамыр 12, 2008

Кеше ең сүйікті тобымның – “МузАрттың” жеке концертін көріп қайттым. Керемет топ, тірі дауыс, музыка, әсем әндер… эхх… алып қайтқан эмоциямды Айконыкіндей әттең жеткізе алмаймын.
Шынымды айтсам, осы топтың арқасында қазақ эстрадасынан күдерімді үзбей келемін. Менің ойымша концерт шетел әншілерінің концерттерінен асып түспесе кем түскен жоқ. Сағындырып берген концерт толықтай үздік деген бағада өтті.

Жігіттердің орындауындағы “Не деген көркем едің”, “Қайран көңіл”, “Кел, жаным”, “Сағындым Алматымды”, “Жүрегім”, “Махаббат гүлі солмайды”, “Есіңе ал”, т.б. әндерінің сөздерін жатқа білетіндіктен олармен қосыла айтамын деп сәл тамағым ауырып, эмоциядан басым да ауырып кетті. Бірақ бұл шаттықтан, қуаныштан болған жақсы сезімдер.

Сюрприз ретінде арасында Мейрамбек домбырада, ал Сәкен дауылпазда отырып, инструменталдың сүйемелдеуімен күй шертті, Мейрамбектің орындауында терме де айтылды. Жалпы концерт “Көрген де – арманда, көрмеген де – арманда” лебімен өтті. Осы концертті көргенімнен, алған әсерімнен өте бақытты сезінудемін… 🙂


Бір ой…

Мамыр 6, 2008

Жақында ғана теледидардан Астананың 10 жылдығына қарсы салынып жатқан құрылыс алаңдарын көрсетті. Тағы да бір зәулім сарайлар, яғни салып жатқан адамдардың атын тарихта қалдыратын құрылыстар-мыс…
Ойландыратыны – оның бәрі осы уақытқа қажеті қанша? Онсыз да Астанада жаңадан салынған әдемі ғимараттар жетіп жатыр емес пе? Менің ойымша мұның бәрі жай “показуха”. Басқа елдер келіп көрсін, бізде бәрі жақсы, керемет, ел бай, ақшаны қайда жұмсарларын білмей, ғимарат салып жатыр екен деп ойласын дегендей.
Жастар үй ала алмай, отбасы түгіл өз бастарын әрең алып жүр, ал Астанаға үлкен ғимараттар керек екен.
Бұрынғы уақытта мемлекеттік кәсіпорындарда істейтін жұмысшыларға кәсіпорын атынан жатақанадан бөлме берген. Уақыт өте келе стажына және отбасы құруына байланысты пәтер берген. Ал қазіргі кезде мемлекеттік кәсіпорындар емес, жеке басты бизнестер көп, яғни ЖШС, АҚ дегендер. Олар үй беру мәселесімен айналыспайды. Істейтініңді – істейсің, жалақыңды аласың, болды.
Біздер демографиялық дамуды баяу деп жүрміз? Қалай ол дамиды, егер жастар далада қаңғып жүрсе?
Неге сол бытырлатып салынып жатқан ғимараттардың орнына жаңа құрған отбасына, жастар тұратын жатақана типтес үйлер салып бермейді? Ғимараттар салынып үлгермей қалады деп ойлай ма?
Алматының тарихын алып қарасақ ондай зәулім ғимараттар 150 жыл бойы салынған. Қазіргі кезде қонақтар келгенде қыдыртып алып баратын 2-3 орындар ғана бар. Бірақ одан қаланың беделі түсіп, келуші қонақтардың саны артпаса төмендеген емес. Алматыға келген шетелдіктердің де тек оң пікірлерін естіп жатамыз.
Жалпы айтқанда шетелдіктердің біз туралы не айтса да бәрібір. Ішкі саясатымыз, еліміз аман-жұртымыз тыныш, бақытты болғанға не жетсін? Ал төрт құбыла түгенделмей қалай бақытты болуға болады?…