Мендегі үнсіздік – кешірім


kuralai-omarova.jpg

Құралай Омарова 2000 жылы Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы облыстық гимназия-интернатында Қанипа Бітібаеваның авторлық сыныбын бітірді. Өлеңді 15 жасынан бастап жаза бастады. Алғашқы өлеңдері 2000 жылы облыстық «Дидар» газетінде жарық көрді. 2004 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді. 2004 жылғы VІІ Халықаралық «Шабыт» фестивалінде Ерік Асқаров атындағы арнайы жүлдеге ие болды. Өлеңдері республикалық «Жұлдыз», «Жалын» журналдарында, «Қазақ әдебиеті», «Әдебиет айдыны», «Кентавр», «Алтын орда», «Алаш үні» газеттерінде жарияланды. «Жас толқын» жинағына топтама өлеңдері енді. «Жалын» журналының 2006 жылғы Төлеген Айбергенов атындағы жүлдесін, «Дала мен қала» газеті өткізген «Наурыз – мүшәйра» ақындар сайысының ынталандыру сыйлығын алды. Биыл Х Халықаралық «Шабыт» фестивалінде бас бәйгені жеңіп алды.

Жолымды бөгеді, білмеймін, неше ырым?
Өзіме тиді-ау қырсығым, кесірім.
Айтылмай не мұңым, не сырым,
Телефон көзімнің жасына тұншықты.
Сендегі үнсіздік–ақталу,
Мендегі үнсіздік–кешірім.
Солай-ау шамасы…
Жазмыштың жазуы–
Маңдайға сызғанға көндігу, бағыну.
Тыныштық тағы өлді, ауыр дем арқалап,
Сіздегі күрсініс–жалғыздық,
Мендегі күрсініс–сағыну.
Аязға, мұзға да бергісіз,
Жүрекке сұп-суық ерді сыз.
Толқындар жеткізген үніңіз жауратты.
Сіздегі салқындық–үмітті жылату,
Мендегі салқындық…белгісіз…
Осы бір жанды дір еткізетін шумақтарымен поэзия қағанатына имене басып, бір ақын келді. Бәріміз елең еттік. Ұяңдығы мен биязылығы қатар өрілген ару қыздың ақын болуы оны одан әрі сұлуландырып жібергендей. Көп оқиды. Елгезек. Әлем әдебиетімен жіті таныс. Еліктеу-солықтаудан ада ақын қыздың алғашқы шумақтарының өзінен өзіндік қолтаңбасы менмұндалап тұрады. Қанипа Бітібаеваның авторлық сыныбында қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқыды. «Қанипа апай ұстаз ғана емес, актриса да еді. Әртүрлі мамандық иесі болуды армандап келген оқушылардың барлығы 11 сыныпты аяқтағанда әдебиеттен өзге пәнді таңдағысы келмей қалатын. Шәкірттеріне жан дүниесін түгел қотарып беретін адам. Менің әдебиетке келуіме бірден-бір ықпал еткен жан. Ұстаздық құдіреті күшті еді», – деп Құралай бізге ақындық тағдырының қалай басталғандығы жайлы үзік сыр айтты.
Х Халықаралық «Шабыт» фестивалінде төрайым болған ақын Фариза Оңғарсыновадан Құралайдың ерекшеліктері туралы айтып беруін өтініп, әңгімеге тартқан едік:
– Жастар бүгін тіл, тәуелсіздік, Отан туралы жазуға әуес болып алған. Бірақ сол жазғандары жүрекке жетпейді. Ал Құралайдың ерекшелігі өзінің ішкі сезімін, жеке адам ретінде жан дүниесін сілкінткен дүниелермен қатар, өзіне ғана тән көңіл күйін қағазға түсіреді. Бәзбіреулер сияқты халықтың көңілінен шығатын дүние жазам деп тыраштанбайды. Өзінің ішкі әлеміне көп үңіледі. Ұйқасы, ырғағы, сөз саптауы нағыз поэзияның ұшқыны атып тұрған бейнесіндей көрінді. Қыз баланың поэзияда жолы ауыр болады. Ер адамдарға қарағанда, олардың мойындалуы да қиын. Бірақ Құралай өзінің осы табиғи қалпынан айнымайтын болса, жақсы ақын шығатыны күдік тудырмайды. Біз одан үміт күтеміз, – деп сөзін түйіндеді Фариза апай.
Әдеби ортада ауызға ілігіп, әңгіме бола бастаған Құралай Омарованың «Шабыт» фестивалінде бас жүлде алуы кездейсоқ емес. Ол талантымен таңғалдырды, табиғилығымен тәнті етті, еңбекқорлығымен сүйсінтті.
«Құралайдың өлеңдерін екі-үш жыл бойы бақылап оқып жүрмін. Өлеңдерінде жылдан-жылға өсу байқалады. Осы жылдың әдебиет өміріндегі ең елеулі жаңалығы деп бағалауға болады», – деп өз ойын білдірді ақын Жанат Әскербекқызы. Біз Құралайдың бұдан кейін мәреден тек бірінші келуін ғана күтетін боламыз.

Менің сүйіп оқитын ақындарымның бірі. Өлеңдерінен жан-дүниеме тән көп ұқсастықтар табамын. Құралайға көп табыстар тілеймін.
Қаламыңыз ұштала берсін. Әлі де лирикаға толы, әдемі өлеңдер күтеміз.

8 пікір | Мендегі үнсіздік – кешірім

  1. Arsenal777 says:

    маган да Куралай Омардын олендерi унайды. Куралаймен Массаган аркылы жеке танысканыма куаныштымын. “Сендегі Унсіздік–акталу,Мендегі унсіздік–кешірім.”-оте адемi, арi магыналы олен.

  2. akzere says:

    Ия, келісемін

  3. Керім says:

    Жерлесімнің өнеріне ризамын! Алла жар болсын!

  4. Нартай says:

    Құралай қарындасымның өлеңдерін оқып, қазақ қыздарының ішінде Фариза Оңғарсынова апамыздай алаш жұртын мойындытытын,дария көңілді тұлғаның өсіп келе жатканын көргендеймін. Тәңірім жұлдызыңды биіктен құлатпасын, өнерің мен өлеңің өзіңді тек өрге жетелесін дегім келеді.

  5. im searching her... says:

    Акзере, блогын керемет! багын жансын!

  6. Қуанар says:

    Салем Құралай, Алла жар болсын!

  7. Тәке says:

    Қияда қалған қиялым, алыстап бүгін ол кеткен,
    Жастық шағыммен ілесіп, елес бір болып ол кеткен.
    Оралмас енді ол қайтып, қайтада келмес жастық шақ,
    Сағымға бүгін айланып, санамда қалған сол шақтар.

    Атқан таң арай шашқанда, боз торғай шырыл қақанда,
    Жаным бір рахат табатын, қайда екен сол бір шақтарым.
    Қызарып батқан күнменен, кеттіме белден ол асып,
    Арманым менен қиялым, қалдыма бәрі жай болып.

    Өтеді күндер өтеді, айлар мен жылдар ұласып,
    Есейіп адам ер жетер, қиялда қалар жырақта.
    Күйбің тірлік жалғанда, ғұмырын кешер әр адам,
    Шіркін ай бірақ оралмас, қиялмен арман еш уақта.

  8. Жақсылық says:

    Жалғыздық пен даланың тылмыс тыныштығын жүрегіме әкеп үйіп сала беретін сенің өлеңдерің мені ойға қалдырды. Ешқандай жасандылық жоқ, табиғи, пәк, Алланың әкеп құйған тылсым сыры ғана сезіледі. Жүректі сыздатып барып босатқандай болады, бірақ босата қоймайды. Жүректі ауырсынтып,ұйытады..Не бар екен тағы деп ашып отырмын, сайтты…

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: