Ғашықтар мерекесі қарсаңындағы ойлар…

Ақпан 13, 2009

Жалпы бұл жастардың мейрамы… Не десе де жастарға қызық керек, махаббат керек, романтика керек, сондай қажеттіліктерден туындап отырған мейрам. Менің көзқарасыма келсек, мен атап өтуге қарсы емеспін. Жалпы өмірді күнделікті қу тірлік басып кетеді ғой. Содан кейін біздің ұялшақтық, эгоистік менталитетіміз ол бар. Соның бәрі күнде болмаса да, апталап, айлап сүйіктінді бір шаттандыратын әрекеттерді жасауға кедергі болады.
Ал осындай бір атаулы мерекеде неге сүйіктіңді бір қуантып тастамасқа?
Мерекенің түпкі тамыры да маңызды емес, бірінші кезекте адами құндылықтар алдыға шығады, сүйіспеншілік, махаббат, бақытты сәттер… әркез қайталана бермейді ғой.

Алып-қашпа әңгімелерді көп естимін, осы күні жастар желіккен, соған қоса тағы осындай мейрамды шығарып, деп… Жалпы оның барлығын қазбалай берсек, ең басты тәрбиеге, сосын жастардың не көріп, не оқып, не тыңдап жүргендігіне және соны қамтамасыз етіп жүрген билікке келіп тіреледі мәселе. Бәрібір де бұл жерде әр адамның жеке басының көзқарасы мен ар-ұяты өз дегенін істейді.

Махаббат мейрамын жалғыздығын тағы айқындап көрсеткені үшін де жек көретіндері бар. Енді, ол да бір адамның басында болып жатқан өзіндік ойлары ғой. Жалғыздықты да пайдалана білу керек, әйтпесе жалғыздық сені пайдаланып кетеді дегенді оқып едім бір жерден. Сондықтан бұның бәрі өткінші нәрселер.

Жалпы жаны қазақ, қаны қазақ, тәрбиелі жастардың басқа ұлттың мейрамын тойлап қоюынан оның қазақилығы төмендей түседі дегенге мүлде келіспеймін. Керісінше осындай мерекелер адамның бір-біріне сыйластығын арттырып, махаббаттарын күшейте түседі деп ойлаймын. Ал махаббат бар жерде даму бар, жетілу бар, өсу бар, рухани даму бар. Ең негізгі адами құндылықтар.


Follow

Get every new post delivered to your Inbox.