* * *

Шілде 2, 2010

Құмартып хор қызындай қылығыңа,
Батсам ғой балдай тәтті тұнығыңа.
Аһ ұрып, бұ дүниеден безер болсам,
Асылып өлер едім бұрымыңа…

Қос көзің ─ қолтаңбасы шапағаттың,
Қос ерінің ─ қызыл мөрі махаббаттың.
Айсыз түнде… алдымда еркелетіп,
Келеді кең дүниені аралатқым!

Қылықтың берген Құдай саған бәрін,
Сұлуды сен сияқты таба алмадым!
Келе ғой, құшағыма кіріп кетші,
Күнәдан өзім сақтап қалам, жаным…

Сұлудың сенен басқа керегі жоқ,
Себебі, себебі оның… себебі көп!
Өлмейсің, мәңгі тірі жүресің сен,
Ұлы ақынның ұмытылмас өлеңі боп!

…Көрмесем тұра алмаймын көзіңді мен,
Өзің жайлы ─ өлеңім, сөзім кілең!
Қиыннан қиыстырған қиялымсың,
Сені Құдай десем де, өзім білем…

Авторы: Алмас Темірбай


Менің соңғы махаббатым сен бе едің?

Қаңтар 30, 2010

Менің соңғы махаббатым сен бе едің,
Жүректегі жұлдызымдай сөнбедің.
«Қолыңды бер, ұмыттырам өткенді», -
Деді біреу, тыңдамадым, сенбедім.

Бір жігіттің жанарынан жиі ұшқын
Көрдім-дағы қарамауға тырыстым.
Бар еркімді биледің бе,
Сенен соң
Неге ешкімді ұнатпауға тиіспін?

Сені ойламай өткізсем бір кеш, түнді,
Жаңғырыққан сенің дауысың естілді.
Мені сендей сүйетұғын жігіт бар,
Мен өзіңдей сүйе алмадым ешкімді.

Авторы белгісіз


Жалғызбын

Желтоқсан 26, 2009

Ерінімде дәмің қалды,
Көңілімде дағың қалды өшпейтін.
Өзегімде күмән қалды,
Өз-өзімде кінәм қалды кешпейтін.

Құшағымда елес қалды,
Құса мұңда белес қалды біз барған.
Күлкі, қызық ғайып болды,
Кілт үзіліп, майып болды ізгі арман.

Тұман қамап жарық таңды,
Қыран қанат шабыт қалды сілкінбей,
Қабағымда жасын қалды,
Жанарыңда жасым қалды сүртілмей,

Сабасында сәнді үміттің
Арасында сан жігіттің, сан қыздың
Сен есімнен жұтылғанша,
Елесіңнен құтылғанша
Жалғызбын.

Тілек қалды орындалмай,
Жүрек қалды тоқ ұрғандай сілейіп.
Жөн болды ма, соның айнам,
Сор болды ма, оны қайдан білейік?..

Авторы: Мұрат Есжан


Сен жоқсың…

Желтоқсан 18, 2009

Қабат үйлер шырақтарын сөндіріп,
Түн жарымы болғанына сендіріп,
Қалғып-мүлгіп қала ұйқыға кетсе де
Есігімнен келетіндей сен кіріп
Есім кетті терезеге телміріп.
Бірақ сен жоқсың…

Ақ білегім мойныңа асылып
Жатсақ шіркін жалынына шарпылып
Күн жауардың алдындағы теңіздей
алабұртып, алқынып,
Бірақ сен жоқсың…

Жанарымды жарық айға тастадым
Жабырқайды жалғызсырап жас жаным
Құс жолында жүргендейсің сен мүлде
Әнін айтып менің емес, басқаның
Бірақ сен жоқсың…

авторы белгісіз


* * *

Қараша 15, 2009

Трамвай да келмей қойды қырсығып,
Келмегенмен тоқтап міне тұр сынып.
Көрмеген боп көріп тұрмын мен сізді,
Көрмеген боп бір кіресіз, бір шығып.

Суық болып кеткен неге күз тіптен,
Жылы сезім жоқ па, бәлкім, сіз күткен?
Бөтен болып кеткенбіз бе біз мүлде
Көрсем деген үміт қайда үздіккен?

Жапырақтар құлап жатыр сүйісіп,
Жер бетінде қалай жүрміз сыйысып?
Тұра қашып кететіндей үркеміз
Жанарымыз қалса кенет түйісіп.

Кетіп қалмай неге тұрмын байланып?
Кетіп қалмай неге жүрсіз айналып?
Жанұшыра іздетеді сізді ылғи
Жүрегіме жайғасқан мұң жайланып.

Көрсем дағы көзім сізге тоймайды,
Бір жүрек бар
Тек сіз жайлы ойлайды.
Білмейсіз ғой…
Мүмкін іштей білесіз
Жек көруге сізді неге болмайды?

Авторы: Танакоз Толкынкызы


Аяймын махаббатты жетім қалған

Қараша 15, 2009

Өкінбеймін біреуді өпсең де өліп,
Өкінбеймін біреуге кетсең де еріп.
Жазмыштың маған жазған пендесіне
Мен-дағы кезігермін көп сенделіп.

Мұң ба екен,
Мұның бәрі уайым ба екен?!
Бүгінде ойым бөтен, жайым бөтен.
Қойнына қона алмаған қос аққуға
Қол бұлғап қала берер – қайың мекен…

Жабықпа,
жарылқасын бетіңді алдан.
Өткен күн өшкен, көшкен секілді арман…
Болар-ау бәрі де ұмыт,
Амалым не,
Аяймын махаббатты жетім қалған.

Авторы: Исраил Сапарбай


Жәй…

Тамыз 12, 2009

Балдырғанның “Жәй” серияларынан… ))

Auezhai

Rakhat_Abd

Mukagali


Сен қайда жүрсің?

Тамыз 7, 2009

Сен қайда жүрсің?
Мені осынша сағындырып,
Жүрегімді лаулатып, жалын қылып.
Мен сені іздеп жүрмін
Шығар-ау деп жарқ етіп, түзден бір күн,
Мазасыздық жайлаған жанымды ұғып.
Жинап жүрмін жүрекке ашу, ыза.
Кеудемде қамалған үн,
шаттығым мен пәк күлкім, ән – арманым.
Басқаларға айта алмас сырымды мен
Ішімдегі бүгіп жүрем -
ақтаруға тек қана саған бәрін.
Жанымды жайып салам,
Көмілмей жасқа, мұңға,
Орап сені сағыныш – ақ сағымға.
Қымсынбаймын, бар әлем қарап қалса
Сені ұйықтатып алдымда таң атқанша
Отырамын көз ілмей бас жағыңда.
Арпалысқан сәтте сол
сағыныш, наз, қимастық, арман, үміт
Әттең атып қалады-ау таң да күліп…
Әлде әйнектен қызғанып Ай қарай ма,
Ол да сені нұрымен аймалай ма?

Авторы: Фариза Оңғарсынова


Жазмыштың құлымыз…

Қараша 20, 2008

359455-12557


Көктемгі меланхолия

Наурыз 31, 2008

film22.jpgЖүрек шіркін тапса деймін тез емін,
Қиялымды қанат қып кеңістікті кеземін.
Өзіңді іздеп… Қайдасың? Ұмыттың ба?!
Жо-жо-жоқ!
…Сағынышың екенімді сеземін.

Өзің ғашық гүл-өңім
Сарғаймасын, жайнасын деп
Жылап тұрып, күлемін…
Ойламауға тырысып, сызғаныңмен санаңнан,
Жүрегіңнің төрінде мен жүрмін ғой, білемін.

Өлшер ме еді сағыныштың салмағы мен көлемін?..
Өз өмірім өз қолымда, өзім ғана төремін.
Десем дағы… жете алмай,
Арманымның әлемінде жолығып,
Тек түсімде көремін.


Follow

Get every new post delivered to your Inbox.