Шілде 10, 2008
10 күнге демалысқа шығып барамын. Осы уақытқа дейін 10 күннен аса блогым жазуларсыз қалып жүрді ғой,
бірақ бәрібір де демалысқа кетіп бара жатқанымды айтып кетейін.
Бір жаққа барып демалу-демалмау әлі жоспарда жоқ. Мына түріммен үйде жататын шығармын. Жақсы бір кітаптар оқып, теледидар көріп дегендей. Келген бетте жаңа сарынмен сіздерді жаңа жазбаларыммен қуантармын деген ойдамын.
Сау болып тұрыңыздар!

8Пікірлер |
Өз ойым |
Тұрақты сілтеме
Жазған akzere
Мамыр 23, 2008
Адам есейе келе өмірдің мән-мағынасын іздей бастайтыны хақ. “Мен бұл өмірге не үшін келдім, не істеуім керек, қалай істесем дұрыс болады екен” - деп, ойлану мен батыл істерге бел буып жатамыз. Мақсат бір ғана - бақытты болудың амалын іздеу.
Көп жағдайда қандай істі бастамасақ та оның бізді игі істерге әкеліп, бақытты ететініне үміттенетініміз рас. Алла тағала адамға ойлау қабілетін бергеннен кейін, ол әр қадамын сараптап, ақылға салып, ақиқатқа, бейбіт өмірге жетуді аңсайды.
Қай бір күні жақын құрбым “Мен шіркеуге барып жүрмін. Білемін, саған, бәлкім, осы ісім ұнамар. Бірақ маған онда ұнайды”, - дегенде маған осы ойлар келді. Ол сол жерден жанына тыныштық тапты, бақыт сезіміне бір адым жақындады. Құдай біреу емес пе? Және де ол біздің бақытты болғанымызды қалайды. Діннің қай бағыты болмасын, адамның адал жолмен, адамгершілікпен, ризашылықпен, махаббатпен өмір сүруді, Құдайға құлшылық етуді дәріптейді емес пе? Ал егер ол түзу жолмен жүрсе, неге мен оны ұрсуым керек, неге мен оның бұл ісін құптамауым керек?..
Әрине, мешітке барып та Құдайға құлшылық етуге болады, мұсылман болғандықтан біздің санамыз ислам дінін ең хақ дін деп түсінеді. Ал басқа елде, басқа дінді қабылдап өскендер туғанынан осы исламға бет бұрмағандарына кінәлі ме? Олардың санасы өз діндерінің ең адал екендеріне күмәнсіз. Бірақ бұл да бір өз басына жеке әңгіме. Бәлкім, құрбыма шіркеуді дәріптеген адамның уағызы мықты болған шығар, адам тез сенгіш, еліктегіш келеді ғой. Бірақ бір білерім, мен құрбымның тек бақытты болуын қалаймын. “Қабыл болсын”, - осы менің жауабым болды.
11Пікірлер |
Өз ойым | Ілмектері: дін, ислам, шіркеу |
Тұрақты сілтеме
Жазған akzere
Мамыр 19, 2008
Осыдан бір 10 жыл бұрын немесе одан да көп пе, алғаш Sony PlayStation құрылғысын сатып алып, оны ескі теледидарға қосып (өйткені түрлі-түсті теледидарға қоссаң ол бұзылады деген ой қалыптасқан), джойстикті басқаннан саусақтар ауырып, көзіміз талғанға шейін Супер Марио ойынын жалықпастан ойнайтынбыз. Сол кездің өзінде сол Сони де, тіпті Супер Марио да бізге жаңалық, үлкен бір жетістік болып саналатын. Оның әрбір қимылы, тиындарды жинауы, төбелесуі - таңғаларлық жәйт болып көрінетін.
Содан бері қаншама ойындар шықты. Сол қарапайым Марио ешкімге де керек емес болып қалды. Оған қарағанда танымал футболшылардың түрінен айнымайтын, шетел клубтарымен компьютерде ойын ойнаған бұдан керемет емес пе?
Бұрындары бауырым компьютерде телміріп, ағылшын комментаторын айқайлатып компьютерде футбол қуушы еді. Қазір тіптен комментатор орысша да сөйлейтін болыпты.
Одан қалса стратегия, әлгі GTA деген тағы бар. Соңғысын қызығушылық танытып, өзім де ойнап көргенмін. Әлгі Мариода жеңген уақытында сүйікті қызымен қосылатыны бар еді, әлгі GTA-да ол тіптен толығымен жетілген. Кез келген ойында бәрі ойластырылған.
Ойынды қойшы, мультфильмдерін де алып қарсаң тегі бір тірі актерлар ойнап жүргендей қабылдайсың.
Қазіргі уақытта техника дамыған заман, бәрі бар сияқты көрінеді. Ал осыдан 10 жыл өткеннен кейін қалай болар екен десеңізші…

4Пікірлер |
Өз ойым |
Тұрақты сілтеме
Жазған akzere
Мамыр 6, 2008
Жақында ғана теледидардан Астананың 10 жылдығына қарсы салынып жатқан құрылыс алаңдарын көрсетті. Тағы да бір зәулім сарайлар, яғни салып жатқан адамдардың атын тарихта қалдыратын құрылыстар-мыс…
Ойландыратыны – оның бәрі осы уақытқа қажеті қанша? Онсыз да Астанада жаңадан салынған әдемі ғимараттар жетіп жатыр емес пе? Менің ойымша мұның бәрі жай “показуха”. Басқа елдер келіп көрсін, бізде бәрі жақсы, керемет, ел бай, ақшаны қайда жұмсарларын білмей, ғимарат салып жатыр екен деп ойласын дегендей.
Жастар үй ала алмай, отбасы түгіл өз бастарын әрең алып жүр, ал Астанаға үлкен ғимараттар керек екен.
Бұрынғы уақытта мемлекеттік кәсіпорындарда істейтін жұмысшыларға кәсіпорын атынан жатақанадан бөлме берген. Уақыт өте келе стажына және отбасы құруына байланысты пәтер берген. Ал қазіргі кезде мемлекеттік кәсіпорындар емес, жеке басты бизнестер көп, яғни ЖШС, АҚ дегендер. Олар үй беру мәселесімен айналыспайды. Істейтініңді – істейсің, жалақыңды аласың, болды.
Біздер демографиялық дамуды баяу деп жүрміз? Қалай ол дамиды, егер жастар далада қаңғып жүрсе?
Неге сол бытырлатып салынып жатқан ғимараттардың орнына жаңа құрған отбасына, жастар тұратын жатақана типтес үйлер салып бермейді? Ғимараттар салынып үлгермей қалады деп ойлай ма?
Алматының тарихын алып қарасақ ондай зәулім ғимараттар 150 жыл бойы салынған. Қазіргі кезде қонақтар келгенде қыдыртып алып баратын 2-3 орындар ғана бар. Бірақ одан қаланың беделі түсіп, келуші қонақтардың саны артпаса төмендеген емес. Алматыға келген шетелдіктердің де тек оң пікірлерін естіп жатамыз.
Жалпы айтқанда шетелдіктердің біз туралы не айтса да бәрібір. Ішкі саясатымыз, еліміз аман-жұртымыз тыныш, бақытты болғанға не жетсін? Ал төрт құбыла түгенделмей қалай бақытты болуға болады?…
8Пікірлер |
Өз ойым | Ілмектері: Астана, құрылыс |
Тұрақты сілтеме
Жазған akzere
Сәуір 17, 2008
Қар жапалақтап жауып жатқанда құрбым “Далада сондай романтика” – дейді… Адамдардың мұндай ауа-райында романтика көріп тұрғаны, әрине, қуантады.
Ал өзім суық офистің ішінде мұздай болып қалған саусақтарыммен блогыма жазу жазып жатырмын. Сірә, бүгін мұндай қар жауатынын білмеппін, әйтпесе қалыңырақ киініп шығар едім.
Кофе ішіп, біраз жылына тұрайын. Мендегі офистік шкафта барлық зат бар деп мақтанушы едім, бүгін наски неге жоқ екен деп қайғырып отырмын… Аяқтарым да тоңып кетті…
Осындай күні жылы көрпенің астында теледидар көріп жатқандардың арманы жоқ шығар.
Жұмысқа кірісейін… Бүгін жұмыс өте көп

8Пікірлер |
Өз ойым |
Тұрақты сілтеме
Жазған akzere
Сәуір 8, 2008
Күні бойы м-агентте отырғаннан кейін авторизация сұрап кіретіндер көп. Кейде қосарын қосып алып, біраз жөн сұрасқаннан кейін әңгіме жүрмей қалатыны бар. Адам тіптен саған қызықсыз болып, тартпай тұрады. Онымен қоймай сені де әңгімеге тартпайды. Одан кейін келесі күні бір амандасасың, үшінші күні – бір. Сөйтіп кейін тіпті амандасу да қалады. Жалпы айтқанда агенттегі тізімді толықтырып тұрғаннан басқа ешқандай қайыры жоқ.
Негізі осы адамдарға таң қаламын, егер айтатын әңгімесі болмаса, адамды пікірталасқа шақыра алмаса не үшін авторизация сұрайды? Әлде мен оны қосқанда, жапа-тармағай бас салып, әңгімені суылдатып, кездесуге шақырып, ғашық болып қаламын деп ойлай ма?
Содан кейін осы Мой мир деген де дос жинау базасы бар. Сондағы кейбір адамдардың күніне бәлембай адаммен танысып тізімінде 500 немес одан да көп адам жинап алып отыратындарға таң қаламын. Олармен не әңгіме айтады? Қайсы біріне қайталап, ана жерде жұмыс істеймін, мынадай қызуғышылығым бар деп айта береді? Жалықпай ма екен? Бірақ әр адам негізі әртүрлі ғой.
М-агент пен Мой мирды ашып бүгін тазарту жасайын дедім. Тізімді ашып тышқанның оң жағын басып тұрып “Игнорировать” дегенді таңдаудың өзі де бір азап. Бір қарасаң ештеме емес. Бірақ адамның көңіліне тиіп қалар ма екен деп те тағы ойланасың.
Ал Мой мирден өшіру, тіптен қиынның-қиыны. Айтар әңгімең болмаса тізімімді толықтырып тұрғаныңды ұнатпаймын деп жазып жіберейін дейсің. Алайда оңай емес нәрсе екен. Көңілшек болғаным ба, әлде тұйық адаммын ба, өзім түсіне алар емеспін…

20Пікірлер |
Өз ойым |
Тұрақты сілтеме
Жазған akzere
Наурыз 13, 2008
Жақында Ресей президентін сайлау барысында жаңалықтардан репортаж беріп жатып, олардың қызыл алаңдағы концерттерін көрсетті. Сонда Ресей шоу-бизнесінің ірі тұлғалары - Любэ, Машина времени, т.б. өнер көрсетіп жатты. Олардың әйгілі хиттарын алаңға жиналған жасы бар, кәрісі бар барлығы хормен айтып, көңілдерін көтеріп жатыр. Сосын осы 8 наурыз қарсаңында Эдита Пьеханың концертін берді. Онда да ерте кездерде орындалған әдемі өлеңдер, құлаққа жағымды, түсінікті хиттар… Шынымды айтсам қатты қызығып кеттім…
Толығырақ оқу үшін »
5Пікірлер |
Өз ойым | Ілмектері: эстрада, әндер, әншілер, қазақ эстрадасы, қазақ әншілері |
Тұрақты сілтеме
Жазған akzere
Ақпан 15, 2008
Әулие Валентин күні кеше болса да, ештен кеш жақсы деп пікір білдіріп кетейін. Осы күнге дейін көптеген газеттердегі (көбінесе қазақ газеттері) бұл күнге қарсылық білдірген мақалаларды оқыдым. Біраз ойландым… Шынымен-ақ, біз неге біреулердің өлген күнін, әулиесін тойлауымыз керек деп топшыладым. Алайда, осы күн келген кезде баяғы сол есті кетіретін жол тығынымен ескірген сасық автобуспен умаждалып, күңіренген офиске келіп, қызметкерлермен құйтырқы амандасқаннан кейін жұмыс үстеліңде жатқан жүрек пішіндес открытканы көргеннен кейін… - жымия қоясың. Ал сосын кетті… құрбыларыңның смс-тері, виртуал сыйлықтар… ой, Құдай-ай көңілің бір көншіп, біраз риза болып отырасың. Сосын ойландым тағы да… әй осы бір күн адамдарға біраз күлкі, көңіл-күй сыйласа оның несі жаман? Өмірімізді өзіміз гүлдендірмесек, қызықты сәттерге толтырмасақ, оның несі өмір?
Сондықтан, бәрібір де ғашықтардың да бір күні болу керек сияқты. Айтылмаған сырларын айту үшін, бір-біріне керектігін тағы бір рет көрсету үшін, көңілін көтеру үшін, риза қылу үшін бір күннің керегі хақ.
Махаббаттарыңыз әрдайым жауапты болсын. Сонымен қатар лайықты адамдарға бағытталсын.

3Пікірлер |
Өз ойым |
Тұрақты сілтеме
Жазған akzere
Желтоқсан 28, 2007
Әні-міне дегенше жаңа 2008 жылды қарсы алуға да санаулы-ақ күндер қалды. Бір жағынан жаңа жыл сезілмейді де. Бұрынырақта кішкентай кезімізде қыс басталмай жатып-ақ мектептегі шырша мерекесіне дайындалып жатушы едік. Ең басты күтетініміз жаңа жылдық сыйлықтар…
Дүкендерде сатып тұрған жасанды шыршаларды көріп, өзімнің кішкентай кезім есіме түсіп кетті. Кішкентай кезімде атам мен апамның қолында болдым. Сол кездері жаңа жыл тақап қалғанда апам жылтырлақ безендіргіштерді шығара бастағанда сондай қуанушы едім, сосын шығарып бөлмелерді әшекейлейтінбіз.
Ағам орманнан шырша кесіп алып келетін. Шырша үлкен болғандықтан оны жатқызып қойып әшекейлетінбіз. Ең басында тұратын жұлдызды мен тағамын деп соған құмар болатынмын. Ал сосын шыршаны көтеріп, бөлменің шамын өшіріп, шыршаны жаққан кездегі менің бала қуанышымда шек жоқ.
…Сағат он екіге тақап қалған кезде атам тост сөйлейді, сосын маған да сөз береді. Ондағы менің тілектерім апам үйреткендей әскердегі ағам аман болсын, қаладағы папа-мамам аман болсын. Бәріміз бақытты болайық деп сөз айтатынмын. Баланың тілегі періштенің тілегіндей ғой. Сол кездері орындалған сияқты.
Балалық шағымды қатты сағындым. Атамды сағындым. Ол осы жылы өмірден озды. Әрдайым ауылға барған сайын бізді көріп, мәз болып, кейде көзіне жас алып та қоятын. Кішкентай кезімде сол кісінің алдында отырып ұйықтағанды жақсы көруші едім…
Құдайдың берері бар, алары бар демекші қорытындылай келсек “Тәуба” деймін. Ең бастысы келесі жыл тек жақсы жаңалықтарға толсын деп тілеймін. Жақындарыңыз әрдайым жандарыңызда болып, дендеріңіз сау, күндеріңіз бақытты сәттерге толы болсын деп тілек білдіремін.
Недегенмен жаңа жыл бір үміт тудыратын мейрам. Бар адамзат жаңа жылға тек үмітпен қарайды деп ойлаймын. Ал үміт, өмірге мән беріп, алға жетелейді емес пе? Үміттеріңіз үзілмесін және де жаңа жылда бәрі іске ассын деп мен сіздермен 8-ші қаңтарға дейін қоштасамын. Жаңа жылды жақсы қарсы алыңыздар!!!


4Пікірлер |
Өз ойым | Ілмектері: жаңа жыл |
Тұрақты сілтеме
Жазған akzere
Желтоқсан 19, 2007

Барлықтарыңызды Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын!!! Ниеттеріңіз, тілектеріңіз Алла тағаланың құлағына шалынып, орындала берсін дегім келеді.
Өмірде кейде түңілетін, түңілтетін сәттер көп болады. Соған қарамастан біз өмір сүреміз,
күшті боламыз. Осындай кездерде бұл өмірде бізден де қайғырып, нан іздеген адамдар қаншама екендігін ұмытпайық. Құрбан шалу, мал етін тарату тек осы кезде ғана емес, сонымен қатар 365 күннің қай күні болмасын іске асып отырғаны қандай жақсы болар еді. Тым құрымағанда садақа беріп, мешітке барып отырудың да сауабы мол деп есептеймін. Мүмкін үлкен бір жаңалық ашпаған шығармын. Бірақ өмірде осындай бір кішкентай жақсылықтарды жасауға көңіл бөлмей кететініміз шындық.
Теледидардан естіп едім. Қателеспесем Алматы каналынан, жетімдерге немесе жағдайы жоқ отбасы балаларына, ауру балалардың операциясына ұялы телефоннан смс жіберу арқылы да жәрдемдесу мүмкіндігі бар екендігін. Ол үшін 7 санын 6767 смс жинау орталығына жіберу ғана керек. Бір смс 280 тг. тұрады. Былай қарап тұрсан ешқандай қиын емес және де сол 280 теңгеге 2 шоколад қана тиеді. Сондықтан мейірімді болайық, бар мүмкіндігімізді пайдаланып, әрдайым қол ұшын созып тұрудан кеш қалмайық!!!
9Пікірлер |
Өз ойым | Ілмектері: айт, курбан айт, Құрбан айт |
Тұрақты сілтеме
Жазған akzere