Бәрі де бекер…

Қараша 4, 2010
Кешір,
Кінәласаң өзің біл.
Несін?!
Жылуыңды сезіндім
Енді еріксіз, шексіз
Жесір
Махаббатымнан безіндім.

Енді
Ертеңім бұлдыр
Жеңді
Құмарлық сыңғыр
Онсызда мұңым көп менің
Ерді
Соңымнан бір мұң.

Тойшыл
Көңілім екен
Ойшыл
Өмірім өтер.
Шын сүйіп шындық таппадым
Қойшы
Бәрі де бекер…

Авторы: Анар Шамшадинова


Қарақат қыз

Қараша 4, 2010

Жұлдызды түн. Уақыт мәмілелі…
Кәрі төбет ерініп паң үреді.
Қарақат қыз қарайды мамасына,
Сылтауратсам екен деп тағы нені.

Маған пана сол үйдің бәйтерегі,
Күндегідей төбемнен ай төнеді.
Қолжуғыштың шелегі толмаса да,
Төкпек болып шығады, қайтеді енді?!

Кім екенін білмесін, білсін мейлі…
Әдеті ғой, ақырын «кімсің?» дейді.
Біле тұрып не үшін келгенімді,
«Қай жақтан мұнда адасып жүрсің?» дейді.

Авторы: Бейбіт Сарыбай


* * *

Қараша 4, 2010

Күлкімді күз ұрлады.
(Қу тірлік).
Мұңлымын бүгін.
Біртүрлі.
Мен — мен емес секілдімін.
Жасыл бақта билеп ем,
Әуеніме елітіп,
Жапырақтар секірді.

Сен сыйлаған қызыл гүлді,
Алақанда аялағам.
Амал не?
Үш-ақ күн болды ғұмыры.
Қураған құр сүлдесін, сосын,
Лақтыра салғам.
Қайғырды құмыра құрғыры.

Құмыра құсап қан жұтып жүре берер ме ем,
Таусылып басқа айтар ән.
Егер… өзің келмегеніңде,
Гүл бермегеніңде қайтадан…

Авторы: Бақытгүл Бабаш


* * *

Қараша 4, 2010

Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бір жұлдыздан тұрады, махаббаттың аспаны.
Сол бір жұлдыз жанады, сол аспанды жарық қып,
Жарықта да түк көрмес ғашық болған жарықтық!
Сол жұлдызсыз белгілі, оның естен танары,
Маңдайда емес, жүректе -
Ғашықтардың жанары.
Сол жүрекпен қараймын, сол жұлдызға сүзіліп,
Шаңыраққа ілінді ол, көк аспаннан үзіліп.
Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бір жұлдыздан тұрады шаңырақтың аспаны!

Авторы: Қадір Мырзалиев


Follow

Get every new post delivered to your Inbox.