Сізді сүю -
Сізді көрмей тамсану
Өтіп кеткен жалқы сәтке шегініп.
Сізді сүю -
Сағынышты қарсы алу,
Естен танып,
Егіліп…
Сізді сүю -
Сізді көрмей сананы
Сансырату, сеніңіз.
Сізді сүю -
Көзбен өбу қаланы
Сіңіп қалған деміңіз.
Cізді сүю –
Сізді көрмей тағдырлы
Сөзге айналу, тіркеске.
Сізді сүю –
Азап шегіп сан түрлі,
Жанып кету бір кеште!
Сізді сүю –
Сізді көрмей тамсану
Өтіп кеткен жалқы сәтке шегініп.
Содан кейін
Сүйемін деп жар салу,
Үнсіздікке көміліп…
Авторы: Дәурен Берікқажыұлы
Маған не болған немесе бұл бір дилемма…
Сұп-суық сұсы бар,
Мықты бір мысы бар,
Айбарлы түсі бар.
…Қызығы…
Мен одан қорықпаймын!
Қатулы қабақ та бар,
Көбіне қар жауар,
Қарасаң –
кең дүние тар болар!
…Қызығы…
Мен одан қаймықпаймын!
Айтар ақылы бар,
Сөзіңде «жақұты» бар,
Бұйырған бақыты бар.
…Қызығы…
Мен одан қашқақтаймын!
Сизди сую,
Сизди кормей тамсану!
Не деген жолдар…………….