* * *

Сәуір 8, 2010

Сен менің жанарыма жас тұндырып,
Өзгеге көңіл кілтін аштың күліп.
Ошаққа отырғызып кетті мені
Әне бір ұзын бойлы ақ сұр жігіт.

Мен қалдым шыр айналып қу далада,
Жете алмай арман болған ну жағаға.
Сезгендей сүлдерімнен бір сұмдықты,
Көз алмай көп қарады туған ана.

Жаншылдым, жанартаудай биік едім,
Жоқ енді сүйенерім, сүйінерім.
Мен үшін қызығы да, қайғысы да –
бәрі бірдей секілді бұл дүниенің.

Авторы: Фариза Оңғарсынова


Бар махаббат

Сәуір 8, 2010
Сенбе, дос, өз сертінде тұрмағанға,
Махаббат жалған десе, бұл ғаламда,
Махаббат болмаса егер, дала кезіп
Мәжнүн Ләйлісі үшін жынданар ма.

Махаббат теңеу емес өлеңдегі,
Емес ол аңыз болған ел ермегі,
Махаббат болмаса егер, зарлап Жібек,
Қозы үшін сұлу Баян өлер ме еді.

Ғасырлап дәуірінен озғанда өлең,
Мүмкін бе пәк сезімді жазбау деген,
Жыр кені – ұлы Абайдың жүрегінде
Бітпеген бір ән кеткен Тоғжан деген.

Кей сорлы махаббатқа жолықпайды,
Ондайлар қиналмайды, торықпайды,
Аялап шын қадірлеп көрмегендер
Қызыл гүл солғанына қорықпайды.

Күн біреу, нұр төгетін көктен жерге,
Қызғалдақ бір гүлдейді көктемдерде.
Шын бақыт екі айналып жолықпайды
Қол сілтеп, көзін жұмып кеткендерге.

Авторы: Аққұштап Бақтыгереева


* * *

Сәуір 8, 2010

Айналамда аңыраған жел,
Мүсіркеген, есіркеген ел.
Маған дегің келмесе егер: “Өл!”
Кел.

Мені ұшырған бақыт, әлде сор.
Тоқтата алмай ешбір темір тор.
Құлау үшін кетіп барам –
Көр…

Сенен ешкім сұрай қоймас құн.
Тек бір рет жыла сонда шын.
Айналамда аңыраған жел.
Түн.

Авторы: Гүлнар Салықбай


Follow

Get every new post delivered to your Inbox.