Бір ой…

Мамыр 6, 2008

Жақында ғана теледидардан Астананың 10 жылдығына қарсы салынып жатқан құрылыс алаңдарын көрсетті. Тағы да бір зәулім сарайлар, яғни салып жатқан адамдардың атын тарихта қалдыратын құрылыстар-мыс…
Ойландыратыны – оның бәрі осы уақытқа қажеті қанша? Онсыз да Астанада жаңадан салынған әдемі ғимараттар жетіп жатыр емес пе? Менің ойымша мұның бәрі жай “показуха”. Басқа елдер келіп көрсін, бізде бәрі жақсы, керемет, ел бай, ақшаны қайда жұмсарларын білмей, ғимарат салып жатыр екен деп ойласын дегендей.
Жастар үй ала алмай, отбасы түгіл өз бастарын әрең алып жүр, ал Астанаға үлкен ғимараттар керек екен.
Бұрынғы уақытта мемлекеттік кәсіпорындарда істейтін жұмысшыларға кәсіпорын атынан жатақанадан бөлме берген. Уақыт өте келе стажына және отбасы құруына байланысты пәтер берген. Ал қазіргі кезде мемлекеттік кәсіпорындар емес, жеке басты бизнестер көп, яғни ЖШС, АҚ дегендер. Олар үй беру мәселесімен айналыспайды. Істейтініңді – істейсің, жалақыңды аласың, болды.
Біздер демографиялық дамуды баяу деп жүрміз? Қалай ол дамиды, егер жастар далада қаңғып жүрсе?
Неге сол бытырлатып салынып жатқан ғимараттардың орнына жаңа құрған отбасына, жастар тұратын жатақана типтес үйлер салып бермейді? Ғимараттар салынып үлгермей қалады деп ойлай ма?
Алматының тарихын алып қарасақ ондай зәулім ғимараттар 150 жыл бойы салынған. Қазіргі кезде қонақтар келгенде қыдыртып алып баратын 2-3 орындар ғана бар. Бірақ одан қаланың беделі түсіп, келуші қонақтардың саны артпаса төмендеген емес. Алматыға келген шетелдіктердің де тек оң пікірлерін естіп жатамыз.
Жалпы айтқанда шетелдіктердің біз туралы не айтса да бәрібір. Ішкі саясатымыз, еліміз аман-жұртымыз тыныш, бақытты болғанға не жетсін? Ал төрт құбыла түгенделмей қалай бақытты болуға болады?…